Қостанайдың бас полицейі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов кезекті рет тұрғындармен онлайн кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанайдың бас полицейі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады

Жыл басынан бері генерал 500-ден астам азаматты қабылдаған. Бұл жолы тұрғындар жеке мүліктің жоғалуы, мүлік құқығына қатысты сұрақтарды көбірек қойды.

Онлайн режимінде өткен қабылдауда полицияның бөлім басшылары әр тұрғынға заң тұрғысынан кеңестер берді.

Сонымен қатар Бекет Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасына түскен хабарламаларға қатысты мәселелерді шешіп берді. Мұнда қылмыстық істерді тергеуге қатысты сұрақтар да болды.

«Әрбір сұрақ – адамның тағдыры, сондықтан олардың әрқайсысы бақылауға алынады. Бүгінде адамдар әр саладағы кемшіліктерді атап көрсетуде. Мысалы, Татьяна Нұрмағамбетова есімді тұрғын Дзержинский көшесінде ағаштарды заңсыз кесу әрекетіне қатысты тиісті шаралар қабылдауды сұрады», - дейді ПД бастығы.

Полиция қызметін реформалаудағы негізгі басымдықтар – «Қадамдық қол жетімділіктегі полиция» және «Тыңдаушы мемлекет» қағидаттары.

Департамент басшысы жылдан жылға азаматтардың қауіпсіздігі мен жол қозғалысына қатысты ұсыныстар саны да өсіп келе жатқанын атап өтті.

Осы шаралардың барлығы полицияның халықпен қарым-қатынасының жаңа сипатын қалыптастырады.