Қостанайдың халықаралық әуежайы коммуналдық меншікке өтті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай халықаралық әуежайы республикалық меншік тізімінен алынып тасталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Алма Жүсіповаға сілтеме жасап.

Айта кетейік, аталған нысан осы уақытқа дейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің балансында болып келді. Еске салсақ, Қостанай халықаралық әуежайы жекешелендірудің екінші кезеңі аясында тағы да сатылмай қалған болатын.

Енді аталған нысан республикалық меншік тізімінен алынып тасталды.

«Осыған дейін әуежайдың ұшу-қону жолағы жеке мүлік ретінде коммуналдық меншікке берілген еді. Қазіргі уақытта онда республикалық трансферт есебінен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді «Қостанай халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының 100 пайыз акциясы республикалық меншіктен Қостанай облысының коммуналдық меншігіне берілді. Бұл процесс мемлекеттік заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асты. Заң бойынша, сатылымға қойылған нысан 3 рет өтпесе, онда коммуналдық меншікке өткізуге тура келеді», - деп түсіндірді Алма Жүсіпова агенттік тілшісіне.

Үкімет қаулысы бекітілгеннен кейін әуежайдың жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаржы облыс бюджетінен алынады. Бірақ, Алма Жүсіпованың сөзінше, әуежай АҚ ретінде пайда түсіре алады. 

Айта кетейік, халықаралық әуежай Қостанай қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан. Бір жыл ішіндегі рейс саны - 1700. Жеткізілетін жүк пен поштаның көлемі - 250 тоннадан астам.

Соңғы жаңалықтар
telegram