Қостанайдың "Тобыл" футбол клубы 11 қаңтарда Финляндия чемпионаты құрамасы ойыншыларымен кездеседі
Қостанайлық аяқдопшылардың бас бапкері украиналық Вячеслав Грозный шетелдегі алғашқы оқу-жаттығу жиынын 4 қаңтарда бастаған болатын. Ол 25 қаңтарға дейін созылмақ. "Тобыл" Қазақстан чемпионатындағы Премьер-лигада былтыр 12 команданың арасынан 7-орын алған. Олар екінші жолдастық кездесуін 16 қаңтарда Новосібірдің "Сібір" командасымен өткізуді жоспарлап отыр. Бұған дейін Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Астана» футбол клубы да 16 қаңтарда Ресейдің «Сібір» клубымен жолдастық кездесу өткізетінін хабарлаған болатын. Сол себепті қостанайлықтар оның уақытын басқа күнге өзгертуі мүмкін. Оны команданың баспасөз қызметі де алдын ала ескертіп отыр. Ресейдің Ұлттық футбол лигасында алғашқы 2 айналымның қорытындысы бойынша 5-орында келе жатқан новосібірліктерді шотландиялық Алекс Миллер жаттықтырады. «Сібір» командасының Түркияның Сиде қаласындағы оқу-жаттығу жиыны 4-17 қаңтар күндері өтпек.