Қостанайдың үздік педагогтары марапатталды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Мұғалімдер мен білім саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қостанайдағы «Мирас» мәдениет үйінде салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанайдың үздік педагогтары марапатталды

Мерекелік жиынға облыстың үздік педагогтары мен осы саланың ардагерлері шақырылды. Мәдениет үйіне жиналған көпшілік ардагер ұстаздарды зор қошеметпен қарсы алып жатты. Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев салтанатты шараға қатысып, мереке иелерін құттықтады. Артынша мамандығының майталманы атанған озық ойлы педагогтарды «ҚР білім беру ісінің үздігі» және «Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен» марапаттап, ҚР Білім және ғылым министрлігінің грамотасын, алғыс хатын және облыс әкімінің грамотасын, «Ұлағат» сыйлығын табыстады.

null   «Ұлы ағартушы, жерлесіміз Ыбырай Алтынсарин салған дара жол қазақ халқын өркениетке жетеледі. Оның ізін тәуелсіз Қазақстанның ұстаздар қауымы абыроймен жалғап келеді. Қазіргі таңда елімізде білім беру саласын жаңғырту, оқу мазмұнын жаңарту жұмыстары кең ауқым алды. Білімнің сапасы, қолжетімділігі және тиімділігі осы саланың негізгі басымдықтары болып отыр»,-деді М.Жүндібаев.null  

Елімізде білім беру саласын жаңғыртуға жыл сайын ерекше көңіл бөлінетіні белгілі. Күні бүгін Елбасы Н.Назарбаев жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында педагогтардың мәртебесіне мән беріп, балабақшадағы тәрбиешілердің жалақысын көтеруді тапсырған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірленіп, қабылданатын болады.

null