Қостанайлық фермерлер күнбағысты шетелге еркін сатқысы келеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай диқандары күнбағыс экспортына салынатын баж салығын уақытша тоқтатуды ұсынды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлайды.
Қостанай облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қауымдастығы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне майлы дақылдар нарығын реттеу тетіктері мен өңдеу кәсіпорындарына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шарттарын қайта қарау туралы ұсыныс жолдады.
Қауымдастық өкілдерінің пікірінше, қолданыстағы экспорттық баж салығы фермерлердің күнбағысты сыртқы нарыққа сату мүмкіндігін шектейді. Қазір оның мөлшері кедендік құнның 20 пайызын құрайды, бірақ әр тоннасына кемінде 100 еуро белгіленген.
Қауымдастық күнбағыс жоғары табысты дақылдардың бірі болып қала беретінін, ал Қазақстанда өндірілетін өнім көлемі отандық май зауыттарын шикізатпен қамтамасыз етуге жеткілікті екенін атап өтті.
Сонымен қатар аграрийлердің пікірінше, қолданыстағы шектеулер өндірушілерді өңдеу кәсіпорындары белгілейтін сатып алу бағасына тәуелді етеді.
Қауымдастықтың бағалауынша, Ресейде күнбағыстан рекордтық өнім жиналуы және Орталық Азия елдеріне ресейлік май жеткізілімінің артуы Қазақстан нарығына қосымша қысым түсіруі мүмкін.
Өтініште өңдеу саласының бірқатар мемлекеттік жеңілдіктерді пайдаланатыны да айтылған. Олардың қатарында жеңілдетілген несие, көлік шығындарын субсидиялау, теміржол тарифтерінің төмендетілуі және жемшөп өндірісін қолдау шаралары бар.
Жағдайды өзгерту үшін қауымдастық екі шараны ұсынды:
-
Май зауыттарына субсидиялар, жеңілдіктер мен көлік преференцияларын тек қазақстандық шикізатты 100 пайыз пайдаланған жағдайда ғана беру;
-
Өңдеу кәсіпорындарында шикізат жеткілікті болған кезеңде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін экспорттық баж алуды уақытша тоқтату.
Бастамашылардың пікірінше, бұл өзгерістер күнбағыс сатып алушылар арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, сұраныс пен ұсыныс негізінде нарықтық бағаның қалыптасуына мүмкіндік береді.
Қауымдастық Ауыл шаруашылығы министрлігінен ұсыныстарды қолдап, оларды республикалық деңгейде қарауды бастауға өтініш білдірді.
Бұған дейін елімізден өсімдік майын қай елдер көптеп сатып алатынын жаздық.