Қостанайлық аяқдопшылар Австрияның «Санкт-Пёльтен» командасын 2:1 есебімен жеңді

Кеше олар Австрияның «Санкт-Пёльтен» командасымен болған бақылау матчында 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойында қостанайлықтар сапынан Ермек Қуантаев пен Менсур Куртиши (пенальтиден) мергендік көрсетті. Санкт-Пёльтен қаласының бұл командасы 2000 жылы құрылған еді. 2007-2008 жылы «Шығыс» аймақтық лигасында үздік шығып, Австрия кубогының жартылай финалисі атанған «Санкт-Пёльтен», 2008 жылдан бері Бірінші лигада өнер көрсетіп жүр. Мартин Шерб жаттықтыратын олар 2001/2012 жылғы маусымда 5-ші орын алса, 2012/2013 жылғы маусымда үздіктер қатарында келе жатыр.
Жиынның ақырғы күні «Тобыл» құрамы жаңа ойыншымен толықты. Атап айтқанда, Швецияның Сёдертелье қаласының «Сюрианска» клубында өнер көрсететін 28 жасар жартылай қорғаушы Юсуф Салехпен келісімшарт жасалды. Футболдағы мансабын төменгі лигада бастаған ол, 2008-2009 жылдары «АИК» командасында Швеция чемпионатының жеңімпазы және ел кубогының иегері атанған болатын. 2010-2012 жылдары «Сюрианск» командасына жалға берілген болатын.