Қостанайлық байкердің өліміне кінәлі 4 жылға сотталуы мүмкін

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қалалық сотында мотоциклшінің өліміне әкеліп соққан жол апатына байланысты жарыссөздер аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанайлық байкердің өліміне кінәлі 4 жылға сотталуы мүмкін

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2017 жылғы 21 қыркүйек күні Қостанай қаласының Абай даңғылында Infiniti мен Peugeot көліктері соқтығысып, олардың бірі екпінмен келіп, мотоциклге барып соғылған. Соққының қатты болғаны соншалық, мотоцикл темір үйіндіге айналған. Ал 32 жастағы кәсіби байкер Евгений Пасечник оқиға орнында көз жұмды.

Аталған оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық істің тергелу барысын процессуалдық прокурор өз бақылауына алған.

Сотта өткен жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы Infiniti көлігінің жүргізушісі Юлия Вильчукті  4 жылға бас бостандығынан айыруды және 5 жыл көлік жүргізу құқығынан шеттетуді сұрады.

Айыпталушы Юлия Вильчук өз кінәсін толықтай мойындады.Бірақ, оның сөзінше, жол-көлік оқиғасына басқа да көлік жүргізушілері кінәлі. Ал жәбірленуші тарап мемайыптаумен келісіп, күдіктіні қатаң жазалауды сұрап отыр.

Үкім 15 ақпанда шығады.