Қостанайлық cover-топ Нұртас пен Еркенің әндерін орындады
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайдағы «Рисунки ветром» cover-тобы халық арасында хит болған әндерді түрлі аспаптарға салып орындайды. Топ жөнінде кеңірек білу үшін «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі оның солисі Максим Гольцвартпен сұхбаттасқан еді.
- Максим, музыкаға қалай келдіңіз? Қандай аспаптарда ойнай аласыз?
- Барлығы қаладағы музыка мектебінен басталды. Мені онда анам алып барды. Анамның кеңесімен флейта сыныбын таңдадым. Ол кезде 6 жаста болатынмын. Міне, 13 жыл бойы қолымнан флейта түскен емес. Музыка мектебіне түскен әр шәкірт фортепианоны үйренуге міндетті. Бұл аспапты да меңгердім.
- Сіз «Рисунки ветром» тобының мүшесісіз? Әріптестеріңіз туралы айта кетсеңіз...
- Қазір біз репертуарды толықтыру жұмыстарымен белсенді айналысудамыз. Скрипкашы Екатерина Поддубная және гитарашы Наталья Закорамен бір жыл бұрын таныстық. Сол уақыттан бастап топ құруға бекіндік.
- Қоржындарыңызда қандай композициялар бар? Қай әндерді көбірек орындайсыздар?
- Қазақ, орыс, шетел әндері... Біз бір жанрды таңдап, сонымен жүрмейміз. Жұртқа ұнаған әндерді орындауға тырысамыз. Әрине, өз туындыларымыз да жоқ емес.
- Инстаграм желісіндегі жеке парақшаңызда жұмыстарыңыз туралы видеоесеп беріп отырасыз. Әртүрлі композицияларды біріктіретін бейнежазба жасау қаншалықты қиын?
- Мен жеке парақшамда өзімнің жеке жұмыстарымды жариялап отырамын. Ал флейта партиялары мен битбоксты бөлек жазып, арнайы бағдарламаның көмегімен монтаждаймын. Кейін толыққанды видео шыққан соң, әлеуметтік желіге саламын.
- Жақында сіз флейтамен Ерке Есмаханның әнін орындап, көп қаралым жинадыңыз. Репертуарыңызда басқа қандай қазақ әндері бар?
- Менің орындауымдағы Еркенің «Қайда?» әні танымал болады деп ойлаған жоқпын. Бәлкім, қазір бұл ән хитке айналғандықтан шығар. Музыкант үшін тыңдармандардың көңілінен шығу аса маңызды. Осыны ескеру қажет.
- Топтың жоспарлары туралы айтсаңыз. Тыңдарманды қандай жаңалықтармен қуантпақсыздар?
- Бүгінде «Рисунки ветром» тобымен қазақ әндерін орындау үстіндеміз. Әсіресе, Қайрат Нұртас, Ерке Есмахан сынды танымал әншілердің шығармашылығын таңдадық. Даму үшін әлі көп жұмыс істеу қажет. Бастысы, тыңдарманның жақсы бағасын алу.