Қостанайлық дәрігер-хирург үш мыңнан астам ота жасаған
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Дәрігер қауымы адамдардың амандығына аса жауаппен қарап, денсаулығының жақсы, қалыпты жағдайда болуына үзбей үлесін қосып келеді. Ақ желеңді жандардың еңбегін қоғам жоғары бағалайды. Сондай дәрігерлердің бірі – қостанайлық Маргарита Бисенова. Оның есімі әлем халықтарының энциклопедиясына жазылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақта «Ауырып жазылған жан – олжа», деген ұлағатты сөз бар. Сол «олжаңызды» сізге сыйлайтын жан – дәрігер. Кейіпкеріміз Маргарита Бейсенованың адам жанына араша түсіп келе жатқанына 30 жылдан асты.

«Қазіргі Бейімбет Майлин ауданында тудым. Дәрігер мамандығы жүрек қалауым болды. 1983 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түстім. Дәрігер-хирург маманы атанып, еңбек жолымды бастадым. 1989 жылы Жітіқара аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне меңгеруші болып келдім. Бір жылдан соң аудандық аурухананың бас дәрігерінің емдеу-алдын алу жұмысы жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстым», - дейді Маргарита Бисенова.
Қызметін қалтқысыз атқарып келе жатқан дәрігер ғасыр алмасар тұста аудандық аурухананың бас дәрігері лауазымына тағайындалды. Міне, медицина саласының қызығы мен шыжығы енді басталған-ды.
«Осы уақытқа дейін дәрігер-хирург ретінде 3000-нан астам шұғыл ота жасаппын. Ойланып отырсаң, жұмыр басты әр пенде жарық дүниенің қызық-қуанышын көп көрсем дейді ғой. Әйтеуір, әрдайым осындай оңды адами тілектің жетегінде болатынымыз да рас. Сондайда түрлі сырқатқа бой алдырып, алдыңа келген науқасқа барынша көмектесуге тырысасың. Өміріне араша түсіп, алып кетуге дайын ажалдың бетін қайтарсаң, дәрігер үшін одан үлкен бақыт жоқ шығар», - деп толықтырды ол.
Маргарита Бисенова үнемі басшы лауазымдарда жұмыс істей жүрсе де, негізгі жұмысы хирургия саласын қатар ұстап жүреді. Сондай-ақ анестезиолог-реаниматолог ретінде де өзін жақсы қырынан көрсетті.
«Институт бітіргеннен кейін екі жыл бойы анестезиолог-реаниматолог болып жұмыс істедім. Құрсақ қуысы мен кеуде қуысы, ірің тиген органдардың операциясына араласамын. 2004 жылы бір ай бойы АҚШ ауруханаларында тәжірибеден өттім. Еңбегім еленіп, есімімді әлем халықтарының энциклопедиясына жазды», - деп атап өтті ақ халатты абзал жан.
2010 жылы ол облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Қазіргі уақытта Қостанай қаласындағы № 4 емхананың бас дәрігері.
Дәрігер-хирург ретінде де, басшылық қызметте де Маргарита Бисенованың жұмысы жоғары бағаланды. 2011 жылы «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», 2010 жылы «ҚР Денсаулық сақтау саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 2016 жылы республикалық «Үздік денсаулық сақтау менеджері» атағын иеленді. Есімі «Қазақстанның Денсаулық сақтау элитасы» кітабына енгізілген.