Қостанайлық кәсіпкерлер ауруханаларға медициналық құрылғылар таратып жатыр
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов коронавирустық инфекцияға қарсы күресте көмектесіп жатқан жеке компаниялар мен кәсіпкерлерге алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Архимед Мұхамбетов медициналық құрал-жабдықтарды жеке қаражатына сатып алып жатқан компаниялардың еңбегін атап өтті.
Оның айтуынша, «Полиметалл» компаниясы COVID-19-ға қарсы күресте тұрақты негізде демеушілік көмек көрсетіп келеді.
«Облыстың медициналық ұйымдары үшін компания қаражаты есебінен жеке қорғаныш құралдары, пульсоксиометрлер, оттегі концентраторлары, ұйымдастыру техникасы және т. б. сатып алынды. Жақында Жітіқара аудандық ауруханасы үшін 9 млн теңгеден астам сомаға 100 пульсоксиметрлер мен 10 оттегі концентраторы жөнелтілді. Сондай-ақ, келесі аптада 20 млн теңгеге медициналық жабдықтар жеткізілетін болады. Сонымен қатар, мамыр айында компания қаражаты есебінен ПТР-тестілеуді өткізу үшін құны 20 млн теңге болатын зертханалық жабдықтар сатып алынды. Компания басшылығна КВИ-мен күреске уақытылы және қажетті көмек көрсеткені үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді», - деп жазды аймақ басшысы әлеуметтік желіде.
Өңір басшысы тұрғындарға қауіпсіздік шараларына ұқыпты болуға және локдаун тәртібі кезінде үйден шықпауға шақырды.
