Қостанайлық келіншек 25 күннен бері іздестірілуде

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысының Полиция департаменті 31 жастағы әйелге іздеу салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанайлық келіншек 25 күннен бері іздестірілуде

Полицияның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 1989 жылы туған Надежда Силагина 29 шілде күні Қостанайдағы үйінен шығып кеткен. Содан бері туған-туыстары Надеждадан хабар алмай отыр.

«Қостанай қаласы полиция басқармасының «Оңтүстік» бөлімі Силагина Надежда Федоровнаға іздеу салды. Қазіргі уақытта оның нақты мекенжайы белгісіз», - деді полициядан.

Полиция жоғалып кеткен әйел туралы мәліметтерді жариялады. Бойы – 175 см, арық денелі, шашы қара түсті, иыққа дейін түскен, көздері ашық түсті, тік мұрын. Үйінен шыққанда үстіне қара-ақ түсті футболка, көк түсті джинсы, қара аяқ киім болған.

Қандай да бір ақпаратты келесі телефондар бойынша хабарлауға болады: 8-701-708-46-75, 8-747-655-21-63, 8-(7142)-52-68-61 немесе 102.