Қостанайлық патрульдерге 50-ден астам алғыс хат түскен
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков гарнизонға тексеріс жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол патрульдік қызметтің жеке құрамы мен әскери қызметшілердің назарын заңдылықты сақтауға және азаматтармен тығыз ынтымақтастыққа аударды. Е. Омарбековтің айтуынша, басты басымдық - полиция жұмысының сервистік моделін іске асыру.
«Қазіргі уақытта өңірде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық шарасы жүріп жатыр. Негізгі міндет - көшелер мен қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу және өңірдегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету», - деді полиция полковнигі жеке құрамға.
Сондай-ақ, полицияның техникалық күштері мен автокөліктері таныстырылды. Ақпан айының соңында облыс орталығы мен Рудный қаласында жол қауіпсіздігін «Ekin Patrol G2» 6 мобильді жүйесі қамтамасыз етеді.

Патрульдік автокөлікке орнатылған жабдық жылдамдық режимінің бұзылуын, ЖҚЕ басқа да бұзушылықтарын анықтауға, сондай-ақ көлік құралдарын іздестіру бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Ведомствода атап өткендей, мобильді жүйелер тестілік режимдегі жұмыс нәтижелерін көрсетті. Бір тәулік ішінде арнайы жабдықталған патрульдік машиналар жол қозғалысы ережелерін бұзудың 30-дан астам дерегін анықтап жатыр. Олардың көмегімен іздеуде жүрген 40-тан астам автокөлік анықталды.

Полиция қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық шарасы аясында 16 күн ішінде екі мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, 135 қылмысты ашты, оның ішінде 38-і бұрын жасалған қылмыс. Патрульдік полицияның барлық экипаждары жолда қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге көмек көрсету үшін қажетті жабдықтармен жабдықталған. Жыл басынан бері патрульдік полицейлерге облыс тұрғындарынан 50-ден астам алғыс хат келіп түсті.

Авторы: Жанна Мұсабаева