Қостанайлық полицейлер 2 мың тұрғынға тегін маска таратты
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлық полицейлер короновирустық инфекцияның таралуына қарсы күрес аясында алдын алу жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жолы акция облыстың төрт қаласында өтті. Қостанай, Рудный, Лисаков және Жітіқара қалаларының 2000 тұрғынына маска таратылды. Облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Лева Квасенконың айтуынша, шара алдағы уақытта жалғасады. Іс-шараға облыс еріктілері де қатысты.
«Біз азаматтарды супермаркеттен, орталық саябақта және көшелерде қарсы алып, маскаларды қолданудың маңыздылығы туралы айтып жатырмыз. Сондай - ақ, жастарға есірткінің зияны туралы айтып береміз. Маскаларда «Есірткіге жол жоқ» атты логотип жабыстырылған», - дейді полицей.
Қала тұрғындары акцияны ризашылықпен қабылдады.
«Мен маскаларды таратып жатқанын көріп, өзім келдім. Бұл өте дұрыс әрекет, ал суреті бар масканы қуана-қуана киемін», - дейді қала тұрғыны Мейіржан Мыңжанов.