Қостанайлық полицейлер есінен танып құлаған жүкті әйелді құтқарып қалды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Рудныйда патрульдік полицейлер аялдамада есінен танып, құлап қалған жүкті әйелге көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Қостанай облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
7 тамызда взвод командирі, полиция капитаны Мақсұт Досыбаев пен оның әріптесі полиция лейтенанты Олжас Батырханов Рудныйдың орталық көшелерін патрульдеу кезінде автобус аялдамасында ес-түссіз жатқан әйелді байқап қалған. Ол жерде жатқан. Көмекке ұмтылған полиция қызметкерлері оның жүктіліктің үлкен мерзімінде екенін байқаған.
«Біз жедел жәрдем шақырдық, бірақ тезірек көмек көрсету керек болды. Мұндай жағдайда екі адамның өміріне қауіп төніп тұрғаны белгілі. Сондықтан оны перзентханаға дейін жеткізу керек болды. Жолда кезекшілік бөлімімен байланысып, оның ауруханаға жеткізілетінін хабарладық», - деді Мақсұт Досыбаев.
Рудный қаласының тұрғыны ауруханаға жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлердің айтуынша, ол күннің ыстығына байланысты есінен танып қалған. 36 жастағы Индира Әмреева полицейлерге көмек көрсеткені, ең алдымен, баласын құтқарып қалғандары үшін алғыс айтты.
Авторы: Жанна Мұсабаева