Қостанайлық полицейлер ірі көлемде героин сақтаған 40 жастағы әйелді ұстады

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында бірнеше есірткі қылмысы әшкереленді. Бұл туралы Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Өтетілеуов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанайлық полицейлер ірі көлемде героин сақтаған 40 жастағы әйелді ұстады

Қостанай облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жедел іс-шаралар барысында есірткі құралдары мен психотроптық-синтетикалық заттарды тәркіледі.

«2020 жылғы 28 қазанда Қостанай қаласының Дөненбаева көшесінде 40 жастағы әйел ұсталды. Тексеру барысында одан 17 түйіншек есірткі тәріздес зат сақтағаны анықталды. Ашық түсті зат сараптамаға жіберіліп, жалпы салмағы 6 грамм болатын «героин» екені белгілі болды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. 2 қараша Қостанай қаласындағы «Юбилейный» шағын ауданында 20 жастағы ер адам ұсталды, оның пәтерін тексеру барысында ас үйіндегі газ плитасының ішінде таспамен оралған, ішінде ақ ұнтақ бар 19 полимерлі түйіншек табылды. Сонымен қатар, түрлі түсті ұнтақ тәрізді консистенциясы бар тағы 4 полиэтилен пакет тәркіленді, синтетикалық есірткінің жалпы салмағы 36 гр құрады. Ұсталған адамға қатысты «Күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленді», - дейді Талғат Өтетілеуов.

Лисаков қаласының жедел уәкілдері есірткі сақтап келген Қостанай қаласының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Тексеру барысында сұйық заты бар 8 капсула табылып, тәркіленді. Тергеу кезінде қаланың әртүрлі бөліктерінде орналасқан есірткі сақтайтын орындар анықталды. Барлығы 21 капсула жинақталып, сараптамаға жіберілді. Оның нәтижелері бойынша күдіктіге қатысты шешім қабылданатын болады.

«Барлық фактілер бойынша ҚР ҚК 297-бабы (Есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, өткізу мақсатында тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Жалпы алғанда, ағымдағы жылы жедел уәкілдер заңсыз айналымнан 470 кг-нан астам түрлі есірткі заттарын, оның ішінде 450 кг-нан астам марихуана және 235 гр героин тәркіледі. 15 килограмнан астам гашиш пен 293 гр синтетикалық есірткі құралдары табылды», - дейді полиция полковнигі.