Қостанайлық полицейлер карантин талабын бұзғандарды дронмен анықтауда

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Өткен аптада Қостанай облысында локдаун тәртібі 616 рет бұзылған. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Облыстық полиция департаментінің 1200 қызметкері күшейтілген режимде қызмет атқарып, саябақтарда, скверлерде және жағалауларда рейд ұйымдастырды. Арнайы құрылғылар мен дрондардың көмегімен суға түскендер анықталып, өзен жағасында демалыс ұйымдастырғандарға айыппұл салынды.

«Өңірдің бас санитар дәрігерінің қаулысында көрсетілген талаптарды бұзу бойынша 32 дерек тіркелді. Мәселен, 15 тамызда Арқалық қаласында 20 адамның қатысуымен құдалық тойы жасалған. Дәл осындай той Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылында да өткен. Аулада киіз үйлер тігілген. Сондай-ақ, қатаң карантин шараларына қарамастан, сауна мен жалдамалы коттедж қызметі жүзеге асырылған. Тәртіп бұзушыларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабымен хаттама толтырылды. Локдаун тәртібін бұзған әр адамға 83340 теңге айыппұл салынды», делінген полицияның ақпаратында.

Полиция қызметкерлері еріктілердің қатысуымен Қостанай, Рудный, Лисаков және Жітіқара қалаларында карантиндік шараларды сақтау бойынша акция өткізіп, 2000 адамға қорғаныш маскаларын таратты.


Соңғы жаңалықтар