Қостанайлық полицейлер коронавирустан көз жұмған әріптесінің ұлына медаль тапсырды
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Облыстық полиция департаментінің басшылығы қызметтік борышын орындау кезінде коронавирус инфекциясынан қайтыс болған әріптесі Оразгүл Әбдікәрімоваға тиесілі «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін оның ұлына тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оразгүл Әбдікәрімова Қостанай облысы бойынша УК161/12 Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті кеңсе инспекторы қызметін атқарды. Әріптестері оны жауапты және сауатты қызметкер ретінде еске алады. Оның ұлы Әділхан Ембергенов те сол мекемеде аға бақылаушы болып жұмыс істейді. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев О.Әбідкәрімоваға тиесілі «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін ұлына тапсырды. Ол сонымен қатар тәртіп сақшыларының коронавируспен күрес кезінде алдыңғы шепте жүргенін атап өтті.
«Қызметкерлеріміз жұмыста жүргенде өз денсаулығына ғана емес, өміріне де қауіп төндіреді. Сол себепті жұмыстың жауапкершілігін басты назарда ұстаймыз. Бүгін Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында бүкіл ел бойынша өзінің қызметтік борышын адал атқарып, пандемиямен күресте лайықты қызмет атқарып жүрген үздік полицейлерге құрмет көрсетілді. Халық коронавирустан қайтыс болған қызметкерлерді де ұмытпайды», - деді Ардақ Ынтықбаев.