Қостанайлық полицейлер ресейлік әріптестерімен бірігіп қылмыстарды ашпақ
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Жітіқара қаласында Қостанай облысы Полиция департаменті басшылары мен РФ Орынбор облысы ішкі істер министрлігі өкілдерінің кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесуде екіжақты әріптестік мәселелері талқыланды. Мәселен, автокөлік ұрлығы, мал ұрлығы, шетел азаматтарының келуі, есірткі және психотропты заттардың заңсыз айналымы сияқты қылмыстарды ашу кезінде бірігіп қимылдау жайы айтылды.
Облыстық полиция департаменті делегациясын басқарған штаб-басқарма бастығы Мейрам Кажкеновтің айтуынша, мұндай әріптестік жедел әрі жүйелі қызмет етуге ықпал етеді. РФ ІІМ өкілі, полиция полковнигі Сергей Каймашников халықаралық ынтымақтастықты қолдайтынын атап өтті.
Кездесу нәтижесінде екі тарап ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте жаңа тәсілдерді игеру туралы уағдаластыққа келді.