Қостанайлық полицейлер тергеу істерін электрондық форматқа көшіріп жатыр

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай полициясында әрбір екінші іс электрондық форматта тергеледі. Бұл туралы Қостанай облысы Полиция департаменті басшылығының тергеу бөлімшелерімен кездесуінде айтылды.

Қостанайлық полицейлер тергеу істерін электрондық форматқа көшіріп жатыр

Онда 10 айдағы жұмыс қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД бастығы Бекет Аймағамбетов жиын қатысушыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмаларын жеткізді.

«Ішкі істер органдарын реформалауда заңдылық пен әділдікке көп көңіл бөлінеді. Адамдардың тағдыры қылмыстық істердегі қателіктерге байланысты екенін есте сақтау қажет. Бұл туралы Президент Қазақстан халқына Жолдауында атап өтті», - дейді Бекет Аймағамбетов.

Полиция бастығының орынбасары Қайрат Дүйсембеков тергеу бөлімшелерінің жұмысы туралы айтып берді. Тергеушілер 3300-ден астам қылмыстық істі тергеді және сотқа жіберді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27% - ға көп.


Департамент бастығы Б.Аймағамбетов тергеудің электрондық форматын ең алдымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоятын прогрессивті жол ретінде енгізу қажеттілігін атап өтті. Қостанай облысының тергеушілері бір жыл бұрын жаңа компьютерлермен, веб-камералармен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта тергеудің электрондық форматтағы үлесі 53,8 пайызға дейін жеткізілді. Бұл әрбір екінші істі Қостанай полициясы дәл осылай тергейтінін білдіреді.

Қарасу аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Павел Белов бүгінгі жасалған жағдайлардың арқасында жыл соңына дейін аса ауыр санаттағы істерді қоспағанда, барлық істерді тергеу электрондық форматта 70 пайызға жеткізілетінін атап өтті. Мұндай міндеттемені облыстың тергеушілері мен анықтаушылары алды.

«Жұмыстағы ең бастысы-кәсібилік және іске адалдық. Азаматтарға құрметпен қарау, іске қатысушылармен кездесуге, тергеу экспериментіне және жауап алуға мұқият дайындалу. Сіз іс бойынша түпкілікті шешім қабылдайсыз, бүкіл полицияның беделі осыған байланысты»,- дейді Бекет Аймағамбетов.

Жиында өңірдің үздік тергеушілері мен анықтаушылары грамоталармен және сағаттармен марапатталды.

Олардың арасында Қарасу аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Павел Белов, Рудный қаласы ПБ аға тергеушісі Бақтияр Сейітбеков және Қостанай ауданы ПБ аға тергеушісі Анастасия Рогожина бар.

Жыл басынан бері полиция майоры Б.Сейтбеков ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 25 қылмыстық істі тергеді. Олардың бірі ретінде есірткінің үлкен партиясын заңсыз сақтау ісін атап өтсе болады. Рудныйдағы 49 жастағы ер адамның гаражынан 400 келіге жуық есірткі тәркіленді. Полиция қызметкері көптеген тергеу әрекеттерін, сараптамаларды жүргізіп, істі сотқа жіберді.

Капитан Анастасия Рогожина – Тобыл қаласындағы ең үздік тергеуші, полицияда 5 жыл жұмыс істейді, биыл ол сотқа 45 қылмыстық істі жолдаған.