Қостанайлық полицейлер жылды қорытындылады
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайлық тәртіп сақшылары осы жылы атқарған жұмыстарын қорытындылады. Ол туралы Қостанай облыстық Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Қайрат Дүйсембеков брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2021 жылы облыс полициясы ішкі істер органдарының жүйесін реформалау бойынша мемлекет және ІІМ басшылығы қойған міндеттерді орындау бойынша жұмыс істеді.
«Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, қылмыс деңгейі 10 мың тұрғынға шаққанда 112-ден 101-ге дейін қысқарған. Қылмыстардың жалпы саны 11,4%-ға төмендеді. Облыста мұндай үрдіс 6 жылдан астам уақыт бойы сақталып келеді, - деді Қ.Дүйсембеков.
— Өткен жылмен салыстырғанда қоғамдық орындар мен елді мекен көшелері қауіпсіз бола түсті деп айтуға негіз бар. Адам өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, бұзақылық, тонау, қарақшылық жағдайлары азайған».
Ведомствода қылмыстың төмендеуін аса қауіпті жасырын қылмыстарды анықтау бойынша жасалған белсенді жұмыспен байланыстырып отыр.
«Ең алдымен, есірткі қылмысын атап өтейін. Биыл біз жеке сатушылардан басқа, жалпы саны 18 адамнан тұратын 2 ұйымдасқан қылмыстық топты залалсыздандырдық. Екі топ Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен есірткіні көтерме жеткізумен және өткізумен айналысып келген, - деді Қ.Дүйсембеков.
- Жалпы алғанда, олардың қара нарықтағы құны шамамен 600 миллион теңгені құрайды».
Қайрат Дүйсембековтің айтуынша, әлемдік ауқымдағы тағы бір проблема – интернет-технология саласындағы қылмыс болып отыр.
«Әсіресе, алаяқтық. Қылмыстың осы түрі есептік кезеңде айтарлықтай өскен. Осы қылмыс жасау кезінде қолданылатын абоненттік нөмірлерге жүргізілген талдау көрсеткендей, олардың басым бөлігі біздің өңірден тыс жасалуда: шет мемлекеттерде, республиканың басқа облыстарында. Бұл қылмысты әшкерелеуді қиындатып отыр. Соған қарамастан, жыл басынан бері 72 интернет-алаяғы анықталды. Олар 264 қылмыс жасаған», - деп атап өтті ол.