Қостанайлық шаруалар экспорт көлемін 24%-ға өсірді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ауыл шаруашылығы саласында озық жетістікке жеткен шаруаларды марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Егіс науқаны аяқталған соң ауылшаруашылық және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің мерекесі атап өтіледі. Бұл шара Қостанайда да жалғасын тапты. Жылайрықтағы жиынға Қостанай облысындағы аудан-қалалардың әкімдері, еңбек ардагерлері қатысты. Алдымен, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов баяндама жасады.
«Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ауыл шаруашылығы құрылымдар, фермерлік шаруашылықтар, сервистік және қайта өңдеуші кәсіпорындардағы механизаторлар мен мал өсірушілер атсалысты. Осы жылғы дала жұмыстары оңайға түскен жоқ. Бір жағынан, диқандарға ауа райының құбылмалы болуы кедергі жасады. Табиғаттың тосын мінез танытқанына қарамастан қостанайлық шаруалар мол өнім алды. Барлығы 5,2 млн тонна астық қамбаға құйылды. Былтырғы жылмен салыстырғанда қайта өңдеу өнеркәсібі өнімдері 1,5 млрд теңгеге артық сатылды. Осылайша, өңірдің жалпы ішкі өнімінде ауыл шаруашылығының үлесі 12 пайызға артты», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Қостанайда 358 мың тонна сүт, 74 мың тонна ет, 492 млн дана жұмыртқа өндірілді. Бұған қоса өндіріс секторында өсім байқалады. Биыл мал шаруашылығымен айналысатын 1294 авгрофирма тіркелді. Ғауез Нұрмұхамбетов айтқандай, облыста қайта өңдеу өнеркәсібі саласында 6 инвестициялық жоба жүзеге асты. Осы мақсатта 7 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды.
«Ауыл шаруашылығында жоғары нәтижелі жұмыстар еңбек өнімділігінің артуына септігін тигізді. 2018 жылы бұл көрсеткіш 44%-ға өсті. Сонымен қатар сыртқы нарыққа шығарылған өнім көлемі 275 млн АҚШ долларын құрады. Бұл былтырғы жылдағыдан 24%-ға көп. Бұл бұрын- соңды болмаған жетістік», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Салтанатты жиын барысында өңір басшысы Архимед Мұхамбетов бір топ ауылшаруашылық мамандарына «Еңбек ардагері» медалін тапсырды. Олардың арасында Құзыбай Омаров, Василий Куц, Эдуард Шуллер бар. Ал ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласына сүбелі үлес қосқан Сәбит Ағайдаров, Әділ Саматов, Александр Климко, Владимир Бушкин сынды азаматтар «Құрметті ардагер» төсбелгісімен марапатталды. Ал тәжірибелі шаруалар Ұзақбай Ағайдаров, Владимир Черненко, Мұхамеджан Акулов, Әлжан Қабиевтер «ҚР ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін тағынды.
Мерекелік жиын соңы облыс өнер шеберлерінің концертімен жалғасты.