Қостанайлық жасотандықтар Жолдауды қалай қабылдады
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Елбасы жариялаған биылғы Жолдау жастардың жағдайын жақсартады. 2019 жылдың «Жастар жылы» болып жариялануын 6 мыңға жуық қостанайлық жасотандық ерекше қуанышпен қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әлібек Мұхамеджановтың айтуынша, Қостанай облысында 185 мың жас бар. 77 жастардың үкіметтік емес ұйымдары тіркелген. Оның 39-ы Қостанай қаласында. Жас өскінді патриоттық тұрғыда тәрбиелейтін 38 әскери клуб ашылды.
«Біз үшін биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі - Жастар жылының қабылдануы. Жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында осы жылы 220 млн теңге қаржы бөлінді. Дегенмен, атқарушы биліктен бұл қаражатты әлі де ұлғайтуды сұрап отырмыз. Өйткені, 2019 жылға жоспарланған мәдени-бұқаралық іс-шаралар көп. Жолдаудан соң үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, еріктілер, жастар көшбасшылары өздерінің ұсыныстарын айтып, тың бастамаларды қолға алуға дайын. Елбасымыз айтқандай, Қазақстанның бағындыратын биіктері әлі алда. Меніңше, ел болып жетістіктерге жетуге жастар айтарлықтай үлес қосады», - дейді Әлібек Мұхамеджанов.
Елбасы осы Жолдауда өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет екеніне тоқталды.
«Президентіміз Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырды. Соған байланысты Рудныйда «Futsal Arena» кешенінің құрылысы басталды. Жақында Қостанайдағы Күштік спорт академиясы қолданысқа берілді. Футбол базасы да аяқталып қалды. Бұған әр аулада орнатылған Workout алаңдарын қосыңыз. Жалпы, қазіргі кезде жастарға барлық жағынан қолдау бар. Сондықтан жастарды ерінбей, ел дамуына үлес қосуға шақырамын!» - деді Әлібек Мұхамеджанов агенттік тілшісіне.
Облыс әкімдігінде Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған актив жиналысы өткен болатын.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жастар саясатын іске асыру бойынша қосымша қаражат қарастыруды орынбасары Ерлан Спановқа жүктеді.