Қостанайлық жастар Аягөзге көмек жеткізетін демеуші іздеп жатыр

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыстық жастар ресурстық орталығы Аягөз ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін қор құрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанайлық жастар Аягөзге көмек жеткізетін демеуші іздеп жатыр

Шығыс Қазақстан облысында болған табиғат апатынан зардап шеккен отандастарымызға көмек көрсету мақсатында әр облыста арнайы штабтар ашылып, қор құрылып жатқаны белгілі. Сауапты іске Қостанай облыстық жастар ресурсы орталығы да қосылды.

«Біздің орталық «Қайырымдылық айлығы» шеңберінде Аягөзде су тасқынынан қиындыққа ұшырағандарға көмектесу үшін қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Шараның мақсаты - мұқтаж жандарға ақшалай және гуманитарлық көмек көрсету», - дейді жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айгүл Абдулина.

Айта кетейік, орталық қоры Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты базасында құрылды.

«Апта басынан бері қиындыққа тап болғандарға киім-кешек, азық-түлік қабылданып жатыр. Қазірдің өзінде 100 келіге жуық киім жиналды. Сонымен бірге, логистика мәселесі де туындап отыр. Өз көлігімен Аягөзге зат жеткізетін демеушілер іздестірілуде», - деді орталық жетекшісі.