Қостанайлықтар қазақстандықтардың «сәттілік картасын» жасауды ұсынды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат -Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына қатысқан Қостанай облысының делегациясы алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Бибігүл Аққожина айтқандай, ҚХА-ның XXVII сессиясына Қостанай өңірінен 39 адам қатысты. Оның ішінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те бар.
«Республикалық ҚХА мүшелерінен басқа сессияға консультативтік-кеңесші органдардың, ҚХА қоғамдық құрылымдарының басшылары қатысты.Татулық пен келісім құндылықтары - Елбасы саясатының аса маңызды басымдықтары болды. Соның арқасында қоғамымыздың көпұлтты болуы, мәдениеттер мен тілдердің алуантүрлілігі біздің артықшылығымыз бен жетістігімізге, Қазақстан дамуының берік негізіне айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы қазақстандықтардың табысты бастамаларды іске асыруға бірге ұмтылатынын тағы да көрсетіп берді», - дейді Бибігүл Аққожина.
Ассамблея сессиясына алғаш рет қатысқан Қостанай облыстық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Елена Каширина жаңа жобаларды бастайтын уақыт келгенін айтады.
«Мен бұл іс-шараға алғаш рет қатыссам да, маған керемет әсер қалдырды. Жалпы, қоғамдық сананы жаңғырту дегеніміз не? Мұның астары тереңде. Бұл осындай сессияларда ұғынықты айтылады. Осы жолғы сессия шынымен де үлкен жобаларға шабыттандырды. Тың бастамаларды жүзеге асыратын уақыт жетті», - дейді Е.Каширина.
Сондай-ақ, Ассамблея мүшесі әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдаланып, сәттілік картасын жасауды ұсынды.
«Мен «Қазақстандық деген кім?» атты сәттілік челенджін бастар едім. Челлендж шарты бойынша, әркім Facebook және Instagram желісінде өз фотосуретін салып, жетістіккке әсер ететін факторлары туралы жазуы тиіс. Мысалы, мен елде жастарға көрсетіліп жатқан мүмкіндіктерді жазып, оны басқа адамға жолдаймын. Осылайша қазақстандықтардың сәттілік картасы жасалады», - деп ұсынды ол.