Қосымша білім беру ұйымдарында 13 мыңнан астам бала тәлім алуда - елорда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда мектептерін штаттық режимге көшіру елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Сматаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей елордада қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Қосымша білім беру ұйымдарында оқу үрдісі музыка, өнер және көркемсурет мектептерінде 1 қыркүйекте басталды. Алдын-ала жазылу бойынша ата-аналардың өтініші және мұғалімдердің келісімі негізінде кезекші топтар ұйымдастырылды. Ондағы балалардың саны - 13 163», - деді Б. Сматаева баспасөз мәслихатында.

Сабақтар қашықтан, жеке түрде (бір мұғалім және бір оқушы) және 15 баладан аспайтын кезекші топта өткізіледі. Сабақтың ұзақтығы штаттық режимде - 40 минут, онлайн түрде 15-тен 30 минутқа дейін.

«Әрине, сабақ өткізу кезінде мұғалімдер жалпы білім беру мектептердің сабақ кестесін басшылыққа алады», - деді ол.

«Қаламыздағы барлық білім беру ұйымдарында санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Санитайзерлер, туннельдер, кілемшелер, тепловизорлар орнатылды, сондай-ақ дезинфекциялау құралдарының қоры бар. Әрине, ата-аналар мектептің штаттық режимге көшуін сұрап жатқандарын түсінеміз. Бірақ, мектептерді штаттық режимге көшіру елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Біз өз кезегімізде балалардың үздіксіз білім алуы үшін барлық жағдайды жасаймыз», - деді Бағлан Сматаева.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пралиева жаңа оқу жылы басталғалы елордада мұғалімдер арасында коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелмегенін айтты.

Алайда 6 қыркүйектен бастап оқушылар арасында індет жұқтырудың алты жағдай тіркелді. Оның ішінде бір оқиғада бала мектепке барып жүрген, қалған бесеуі қашықтан оқыту тәртібінде білім алды.


Соңғы жаңалықтар