Ковалев GGG-дан нокдаунды қалай алғанын айтып берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - WBA, IBF пен IBO тұжырымдары бойынша экс-чемпион Сергей Ковалевтің айтуынша, Геннадий Головкиннен нокдаун алғанда ол өз жаттығуларын әлі дұрыс бастамаған болатын.
Бұған дейін ресейлік спортшы GGG-дан нокдаун алғанын жоққа шығарып келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Спорт-Экспресс» сайтына сілтеме жасап.
«Иә, бір ретте мен Абель Санчестің жаттығу лагеріне барып, Генамен спаррингке шыққанмын. Шыны керек, оның соққысы мықты, сол кезде корпусқа қатты тиді. Мен тізерлеп, отырып қалдым. Алайда бірден түрегеліп, спаррингті жалғастырдым. Өзім ондай жағдайға тап болғаныма еш қысылмаймын. Өйткені біз бимен айналысып жүрген жоқпыз ғой. Бұл - бокс. Оған қоса, Челябіден енді ғана келген кезім еді. Ол жақта ішімдік ішіп, қыдырдым. Бір сөзбен айтқанда, демалып келіп, күнделікті жұмыс режіміне беймделмеген уақыт болды», - дейді С.Ковалев.
Оның айтуынша, сол кездегі спаррингтің раундтары төрт минутқа дейін созылды. Ал нокдаун төртінші раундта болған.