«Қой жылы қоржынымыз толы» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 16 желтоқсан, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Қой жылы қоржынымыз толы» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі саны Тәуелсіздік күні мерекесіне арналып отыр.

«Қым­батты қазақстандықтар, құрмет­ті салтанатты жиынға қатысу­шы­лар! Баршаңызды Ұлы Дала елінің ұлық мерекесі - Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз бүгін азаттықтың екінші мүшеліне, 25 жылдығына аяқ бастық, деді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында.

Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арай таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде Қазақстан Республикасы атты жаңа жұлдыз жарқырап тұрды. Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз сан ғасырлар бұралаң әрі қиын жолмен жүріп өтті.

«Адам баласы сияқты мемлекет те өмірінде екі ғұмырлық босағадан аттайды. Біріншісі - жарық дүниенің есігін ашу. Екіншісі - ере­сек өмірдің табалдырығын басу. Екеуі де қайталанбас қастерлі мезет­тер». Бұл - Әбу Насыр әл-Фара­бидің орамды айтып кеткен сөзі, өнегелі өсиеті. Биыл, міне, осынау рухы асқақ, тұғыры биік төл мем­лекетімізге 24 жыл толды. Қара­пайым тілмен айтқанда, нағыз ердің жасында, ұлы мақсаттардың басын­да тұрмыз, деді Қазақстан Прези­денті. Тәуелсіздік мерекесіне арналған бұл мақала «Ұлт өрлеуінің даңқты дәуірі» деген тақырыппен көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Бас басылымда «Түркияда топ жарды» атты мақала берілген. Қазақ ұрпағының талантты екенін Түркия жұртында тағы бір қы­зымыз дәлелдеп шықты. Ота­нымызда қазір қызу жүріп жатқан «Қазақстан дауысы» аталатын жас әншілер байқауындай өнер жарысы Түркия мемлекетінде де біраз жылдан бері жалғасып келе жатқаны белгілі. Ол да «Түркия дауысы» деп аталады. Биылғы жылғы байқауға Ыстам­­бұл қаласындағы OKAN универ­ситеті халықаралық қаты­настар факультетінің соңғы кур­сында оқып жүрген Алма Болат­қызы Қожан бақ сынап көрген екен. Алма өз атамекенінде де осындай өнер бәйгесінде жүлде алып жүреді екен. Мәселен, 6-шы сынып оқушысы кезінде жас­өс­пірімдер арасындағы ән бай­қауында лауреат атанғанын айта кетсек дейміз. Бұл оның өнерге деген ұмтылысын, бойында бар талантын танытары анық. Барлық түркі елдерінен қатысқан байқауда Алма Болатқызы сол елге танымал әнші Хадисе Ачыкгездің «Ben Boyleyim» («Мен осындаймын») деген әнін айтқанда, қазылар алқа­сы талантты қыздың ашық дауысына, әдемі иірімдеріне ілтипат танытып, бір ауыздан келесі турға жолдама беріпті. Ол ендігі жерде «Хадисенын» тобында жарыс­ты жалғастырады. Тыңдармандар мен қазылар алқасы Алманың өнеріне сүйсініп, таза қазақ тілінде де бір ән салуын өтініпті. Ол даламыздай дарқан әуенді көкке әуелеткенде қаумалаған жұрт қол соғып, құрмет көрсетіпті. «Бұл табысымды Отанымның Тәуелсіздігіне тартуым!» деген Алманың бұл жеңісі қазір әлеуметтік желілерден орын алып, еліміздің теледидарлары жарыса сүйінші сұрап жатыр.

***

«Қой жылы Қазақстан спорты үшін толағай табыстарға толы болды. Шет мемлекеттерде өткен талай дүбірлі додада қасиетті көк туымыз талай рет биікте желбіреп, әнұранымыз сан мәрте шырқалды. Сонымен қатар өз елімізде бірқатар ірі спорттық шаралар өткізілді. Олардың барлы­ғының да ұйымдас­тырылу деңгейі аса жоғары болғанын Алаш топыра­ғы­на табан тіреген лауазымды тұлға­лар мен құрметті меймандардан бастап, қатардағы қарапайым жанкүйерлерге дейін ерекше атап өтті»,-деп жазады «Айқын» газеті.

Осы күнге дейін Олимпиада бағдарла­масына енген спорт түрлері бойынша әлем чемпионаттары Қазақстанда небәрі екі рет қана өткен болатын. Олар - 2013 жылы бокстан және 2014 жылы ауыр атлетикадан Алматыда ұйымдастырылған дүбірлі дода­лар. Биыл төрткүл дүниенің теңдессіз тата­ми шеберлері Астанада бас қосты. 123 мем­ле­кеттің өкілдері Алаш топырағында айқа­сып, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода алауы тұтанатын Олимпиада ойындарының жол­дамаларын сарапқа салды. «Жан алысып, жан беріскен» бәсекелер барысында олар небәрі жеті елдің өрендеріне ғана бұйырды. Со­лар­дың арасында Қазақстан да бар. Еліміздің спорттағы жетістіктері туралы жазылған бұл көлемді мақала « Қой жылы қоржынымыз толы» деген тақырыппен жарияланды.

Осы басылымда « Алғашқы қоныс аударушылар пәтердің кілтіне ие болды» атты мақала басылды. Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданына қарасты Березовка ауылы тұрғындары ішінен алғашқы бір отбасы Ақсай қаласындағы жаңа пәтерлердің кілтін алды, деп жариялады «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» (КПО) компаниясы. Қарашығанақ кен орнының маңындағы санитарлық-қорғау аумағының кеңейтілуіне байланысты осы аумақта орналасқан Бере­зовка мен Бестау елді мекендерін көшіру Батыс Қазақстан облысының жергілікті ат­қару органдарымен жүзеге асырылып жатыр. Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен ор­нының мердігерлік учаскесіне қатысты 1997 жылдың 18 қарашасындағы өнімді бөлу тура­лы түпкілікті келісімге сәйкес, қоныс ауда­ру­ға қатысты шараға қажетті қаржы-қаражатты КПО консорциумы мойнына алған.

Екі ауыл тұрғындарының жаңа қонысқа көшуі екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезекте жайлы пәтерлерге 2015 жылдың аяғына дейін, бірінші кезеңде көшуге ниет білдірген әлсіз әлеуметтік санаттағы адамдар мен отба­сылар көшірілді. Бүгінгі күні екі ауылдан көше­тіндер 82 отбасы, олар Ақсай қаласын­дағы жаңадан салынған үйлердегі жайлы пәтерлерге қоныстанады. Бірінші кезеңде көшірілетін кандидаттарды іріктегенде соғыс ардагерлеріне, жалғызбасты зейнеткерлерге, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға, мүгедек балалары бар отбасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының үкіметімен бекітілген тізімге кіретін созылмалы ауруға шалдыққан мүшелері бар отбасыларына басымдық берілді.