Қоян жылының қорытындысы: ШҚО-да қандай елеулі оқиғалар болды

2023 жыл да аттай зулап өте шығыпты. Осы 12 айда Шығыс Қазақстан облысында түрлі өзгерістер, сан алуан оқиғалар болды. Kazinform тілшісі соның ішіндегі елеулі дегендерін жыл соңында тағы бір еске алып өтті.

риддер
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

Аймақ басшысы ауысты

Осы жылдың маусым айында өңірді тоғыз жыл басқарған Даниал Ахметовтың өкілеттілігі аяқталды. 16 маусымда Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы мәслихаттар депутаттарының жиналысы өтті. Күн тәртібінде өңір әкімін тағайындауға келісім беру ғана енгізілді. Барлығы екі кандидат ұсынылған. Олар – Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ермек Көшербаев және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов. Кандидаттарды мәслихаттардың 153 депутатына Үкімет басшысы Әлихан Смайылов таныстырды. Дауыс беру қорытындысы бойынша: Ермек Көшербаевқа – 117, Дархан Сапановқа 36 депутат дауыс берді. Сөйтіп, облыс әкімі болып Ермек Беделбайұлы тағайындалды.

әкім
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында өңір халқымен қоштасты. Өз сөзінде ол шығысқазақстандықтарға баға жетпес еңбектері мен күш-жігері үшін алғыс айтты.

- Сіздермен жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мемлекеттік саясатты тиімді іске асырудағы командамның бір бөлігі болғандарыңызға қуаныштымын. Шығыс Қазақстан облысы мен жалпы республиканың өркендеуі үшін табысты жұмысты жалғастыруға ықпал ететіндеріңізге сенімдімін. Алдағы уақытта да өңір тұрғындарының игілігі үшін тың жобалар мен идеялардың іске асырылуына шын жүректен тілектеспін!, - деді Д.Ахметов.

жэо
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

Риддер ЖЭО-дағы апаттар

Былтыр күзде алғаш рет апат шыққан Риддердегі жылу электр орталығындағы қиын ахуал осы жылдың басында да жалғасты. 19 қаңтарда сағат 06:54-те ЖЭО-дағы отынмен қамтамасыз ету цехы өртенсе, 21 наурызда екі қазандықта өрт шыққан. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша «Риддер жылу электр орталығы» АҚ-ға 11 млн теңге айыппұл салынып, жергілікті тұрғындардың пайдасына жылу тиісінше жеткізілмегені үшін 63 млн теңге өтелді. Жаз бойы ЖЭО-да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлық 6 қазандық жөндеуден өткен.

Күзде жаңа жылыту маусымы басталғанда жылу электр орталығы жеке меншікте емес, қалалық әкімдіктің коммуналдық балансында болды. Маусым тыныш басталып келе жатыр еді, кенет орталықтағы БШМ 2-нің кабелі үзіліп қалды. Алайда жедел іске қосылған автоматиканың арқасында 2 сағаттан кейін қазандық көмір отынына ауыстырылып, мәселе шешімін тапты. Қазір ЖЭО қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Әжетханадағы қыздар төбелесі

Наурыз айында Өскемендегі «ADK River» ойын-сауда орталығында кәмелетке толмаған қыздардың колледжде оқитын қызды соққыға жығып жатқан видеосы тарады. Мұқым қазақстандықтардың жағасын ұстатқан сол оқиғаға қатысты тергеу басталып, кейін іс сотқа жеткен. Белгілі болғандай, мектепте оқитын бұзақы қыздар жәбірленушіден 50 мың теңге талап еткен.

Аталған іс бойынша 14 қыз тергеуге алынып, тек үш бойжеткен айыпталушы деп танылды. Сот шешімімен 2 сотталушы 3 жылға бас бостандығынан айырылса, үшінші қыз 1 жылға бас бостандығынан шектелді. Сондай-ақ жәбірленушінің пайдасына 9 000 000 теңге сомасында моральдық зиян өтелді.

Ленин ескерткіші қирады

Тамыз айында Шығыс Қазақстандағы Алтай қаласында жөнделіп жатқан Ленин ескерткіші қирап қалды. Осыған байланысты полицейлер тергеу амалдарын қолға алған. Кейін әлеуметтік желіде белгісіз біреудің ескерткіш тұрған қоршаудың сыртына «Ленинді қайтарыңдар!» деп жазған жазуының фотосуреті тарады. Тәртіп сақшылары оған іздеу жариялағанымен таба алмай қойды. Арада бір айдан астам уақыт өткенде Ленин ескерткішін жөндеуге ақша бөлген Алтай ауданының әкімі Ернар Мұстафин өз еркімен қызметінен кетті.

Айта кетейік, әлі күнге дейін ескерткіш орны бос тұр.

Атырау облысында екі ауданға әкім сайланды
Фото: Kazinform

Екі аудан әкімі сайланды

Қарашаның 5-і күні Алтай және Глубокое аудандарында әкім сайлауы өтті. Әкім болуға барлығы 5 адам кандидат болған. Сайлау қорытындысы бойынша Алтай ауданының әкімі қызметіне Ренат Құрмамбаев кіріссе, Глубокое ауданының әкімі болып Эльдар Тумашинов сайланды.

Жаңа аудандар құрылды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айындағы Ұлттық құрылтай отырысында Шығыс Қазақстандағы екі ауданды қайта қалпына келтіру қажеттігі жайлы айтқан. Тамыз айында облыстық мәслихат депутаттары ШҚО құрамында әкімшілік орталығы Үлкен Нарын ауылы болатын Үлкен Нарын ауданын құруға және жаңа ауданды Катонқарағай ауданының құрамынан бөлуге, сондай-ақ әкімшілік орталығы Марқакөл ауылы болатын Марқакөл ауданын құру және бұл ауданды Күршім ауданының құрамынан бөлуге дауыс берді. Осылайша, Катонқарағай ауданының әкімшілік орталығы Үлкен Нарын ауылынан Катонқарағай ауылына көшіріледі.

Ал желтоқсанның 28-і күні Президент жарлығымен Үлкен Нарын және Марқакөл аудандары құрылып, халық қуаныштан бөркін аспанға атты.

бомба қойған
Фото: Pexels

Мектептерге бомба қойылды

Өскеменде осы жылдың ақпан айында тоғыз күнде мектептерге бомба қойылғаны туралы 5 рет жалған хабар түсті. Соның салдарынан оқушылар ел қатарлы сабақ оқи алмай қалды. Мысалы, 14 ақпанда 23 мектеп оқуды тоқтатуға мәжбүр болған.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, барлық факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 273-бабымен (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды. Алайда қылмыс жасаған адамдар сол күйі анықталған жоқ. Осыған байланысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды.

Таразда екі адамды құлдықта ұстаған күдікті ұсталды
Фото: polisia.kz

Бас эколог ұсталды

Шығыс Қазақстанның экологиясы онсыз да оңбай тұрғаны белгілі. Ал осы маңызы зор салаға жауапты екі бірдей шенеунік ұсталғанда халықтың күдігі одан сайын қалыңдай түсті. Әуелі қараша айында ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментімен және прокуратурамен бірлесіп, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері бойынша өңірлік Экология департаменті басшысының орынбасарын пара алды деген күдікпен құрықтады. Кейін аталмыш департаменттің басшысы қатты пайдалы қазбаларды барлау кезінде қоршаған ортаны эмиссиялауға рұқсат еткені және жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерлік субъектілерінен бірнеше рет пара алу бойынша күдікті деп танылып, тұтқынға алынды. Бүгінде екі іс бойынша да сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Техникалық көпір салынды

Күні кеше Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін техникалық көпірдің құрылысы аяқталды. Ол техника, жабдықтар мен мамандарды жұмыс орнына үздіксіз және жедел жеткізуге мүмкіндік береді.

Техникалық көпірдің ұзындығы - 1153 метр, онда 13 құрылыс алаңы бар. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев көпірге барып, құрылыс жұмыстардың барысымен танысты.
«Көпір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынып жатыр. Ол логистиканы, туризмді, шағын және орта бизнесті дамытуға сеп болады. Қазірдің өзінде мұнда жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары жұмыс істеп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Көпірдің бәріміз үшін, бірінші кезекте шалғайдағы шекаралас аудандарымыз Күршім, Зайсан және Тарбағатай аудандарының тұрғындары үшін маңызы зор. Бұл стратегиялық жобаны 2024 жылы лайықты аяқтайтынымызға сенімдімін», - деді Ермек Көшербаев.

бүркітші
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Бүркітшілер бас қосты

Қараша айының соңында Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында «Шығыс салбурыны - 2023» халықаралық фестивалі өтті. Оған Қазақстаннан бөлек Қытай, Моңғолия, Ресей және Қырғызстаннан қатысушылар келді. Қазылар алқасы көрерменмен бірге 40 бүркіт пен 10 сұңқардың және ит жарысы бойынша 40 тазы тұқымдылардың арасынан үздіктерді анықтады. Іріктеу кезеңінде жыртқыш құстар 700 метр қашықтықтан иесінің шақыруымен ұшып, қырандар шырға салудан сынға түсті. Жартылай финалда қояндарды еркін аулау болды. Ал финал түлкі аулаудан өткізілді.

Қорытынды бағдарламада иесінің шақыруымен қаршығаның, сұңқардың, бүркіттің ұшуы және ұшқан кезде ителгіні шырғаға салуы, бүркіттің түлкі, қоян аулауы, сұңқар мен қаршығаның көгершін аулауы өткізілді. Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – қазақы тазылардың 1000 метрге жүгіруі және асау жылқыларды қолға үйрету болды. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кубоктар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.