Қоймаларды босату мақсатында 3,4 млн. тонна астық ауыстырылды - АШМ

АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Егін егетін аймақтардың қоймаларын босату мақсатында республика ішінде астықты ауыстыру шешімі қабылданған болатын.

Қоймаларды босату мақсатында 3,4 млн. тонна астық ауыстырылды - АШМ

Осыған орай, 2011 жылдың қыркүйек айынан  бастап бүгінге дейін 3,4 млн. тонна астық ауыстырылды. Оның 0,5 млн. тоннасы «Азық-түлік корпорациясы»  АҚ астығы. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен дәстүрлі брифинг барысында мәлім болды.

Министрліктің жауапты хатшысы Евгений Аманның айтуынша, аталған шара жаңа егін астығын уақытылы қабылдау дайындығына алғышарт жасайды. Бұнымен қоса, шара астықты экспорттау қарқын алып тұрған кезеңінде оны тасымалдауға арналған вагондарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар, 2011 жылдың жоғары астық өнімі отандық астықты тасымалдау және сақтау инфрақұрылымдарындағы бірқатар проблемалық мәселелерді анықтады. Мәселен, дәнді және майлы дақылдар өндірісінің артуына байланысты аталмыш дақылдардың сақтау қуаттылықтарының жетіспеушілігі пайда болып отыр. Бұл астық қабылдау кәсіпорындарының материалдық техникалық базасының жаңа егіннің астығын уақытылы қабылдауға дайындығын, сондай-ақ жиналған өнімнің сақталуын қамтамасыз етуде қиындықтар туындатуы мүмкін», дейді Е. Аман. Осы мақсаттарды тиімді шешу үшін ағымдағы жылы бюджеттен 2,2 млрд. теңге көлемінде бюджеттік қаражат бөлінуі жоспарланып отыр.