Көз дәрігері Күлиза Алданышқызы Индонезиядағы халықаралық сыйлықты жеңіп алды - шетелдегі қазақ баспасөзі

дәрігер
Фото: janadauir.com

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Димаш Құдайберген Стамбулда баспасөз мәслихатын өткізді - TRT

26 ақпан күні Қазақстанның әлемге танымал жас әншісі Димаш Құдайберген Стамбулда баспасөз мәслихатын өткізді.

Баспасөз мәслихаты барысында Димаштың жаңа «When I’ve got you» бейнебаянының тұсауы кесілді. Рәсім аясында әнші бейнебаянның идея авторы өзі екенін айтты. 

Димаш
Фото: trt.net.tr

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио телевизия порталы хабарлады. 

«Клиптің режиссері, әрі желілік продюсері Жәнібек Ғұсмановтың хабарлауынша бейнебаян Алматы қаласында түсірілді. Оның айтуынша, бейнебаянды түсіру кезінде Қытайдан келген 70 маман жұмыс істеген және дәл сол жерде арнайы костюм тігіліп, ерекше образдар жасалған», - деп жазады түркиялық БАҚ.

Стамбулда өткен баспасөз мәслихатында Димаш түркиялық жанкүйерлерімен қазақ, түрік, ағылшын және орыс тілдерінде тілдесті әрі журналистердің сұрақтарына жауап берген. Сондай-ақ жиын барысында жеке концерті Түркияда 24 мамыр өзінің 30 жасқа толуына орай «Тюпраш» стадионында өтетінін айтты. Айта кетейік, бұл стадионда атақты Майкл Джексон, Рианна, Шакира сияқты әншілердің жеке концерттері де болған.

Сонымен қатар осы аптада «TRT»-да «Стамбул әуежайы Еуропада бірінші орынды иеледі» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген. 

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Стамбул әуежайы 12-18 ақпан күні орташа есеппен 1 мың 302 рейспен Еуропадағы ең көп қолданылған әуежай атанды. Бұл ақпарат алғашында Еуропалық аэронавигация қауіпсіздігі ұйымының (Евроконтрол) 12-18 ақпан күнгі Еуропалық авиациялық есебі жарияланған.

әуежай
Фото: trt.net.tr

«TRT»-ның келітірген мәліметіне сүйенсек, Стамбул әуежайы осы кезеңде күніне орташа есеппен 1 мың 302 рейспен Еуропа бойынша ең тығыз жұмыс істейтін әуежайлар арасында бірінші орынды иеледі. Стамбул әуежайынан кейін күніне 1 мың 271 рейспен Лондон Хитроу және 1 мың 265 рейспен Амстердам Схипхол әуежайлары келді.

Үрімжіде Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілету бойынша жиналыс өтті – «Халық газеті»

29 ақпан күні Шыңжаңның Үрімжі қаласында Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілету және B2B ресурстарын сәйкестендіру бойынша кездесу өтті, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті». 

жиналыс
Фото: kaz.people.cn

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Қазақстанның «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталов бастаған 40-тан астам делегация мүшесі Шыңжаңға келді. Олар мұнда туризмді дамыту және үйлестіру бойынша жұмыс жүргізбек.

Көз дәрігері Күлиза Алданышқызы Индонезиядағы халықаралық сыйлықты жеңіп алды - janadauir.com

35 жыл бойы үздіксіз көз дәрігері болып жұмыс істеген, кеңесші дәрігер, клиника профессоры Күлиза Алданышқызы Индонезияның Бали қаласында өткен 39-Азия Тынық мұхиты офтальмология академиясының конгресінде APAO-2024 Distinguished service award халықаралық деңгейдегі сыйлығымен марапатталды, деп жазады моңғолиялық janadauir.com басылымы.

дәрігер
Фото: janadauir.com

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, бұл сыйлықтың маңызы ерекше. Әлемде 8 миллиардға жуық адамның ең кемінде 2 миллиарды көз ауруынан зардап шегеді екен.

«Әсіресе қазіргі смартфон мен ғаламтордың өркендеуіне орай көз ауруларының көбеюіне әлемдік ғалымдар қатты алаңдаулы. Көз дәрігерлері мен осы саланы зерттейтін ғалымдар әр жыл сайын бас қосып, аталмыш мәселені талқылайды», - деп жазады janadauir.com.

Әлемнің кейбір өңірлерінде медицина саласы қолжетімсіз болса, кей мемлекеттерде бағасы аса қымбат болғандықтан көзін көрсете алмайтын адамдар да кездеседі. Сондықтан да әлемдік ғалымдар бүкіл ауыл-қыстаққа дейін жетіп жұмыс істеу қажеттігін ескертеді. Баян-Өлгей аймағының дәрігері Күлизаға келсек, көп жыл бойы аталған аймақтағы халқына қызмет көрсетіп келеді екен.

Ол 2007 жылы Үндістанға барып жасанды бұршақ орнату отасын жасау курсына табысты қатысқан. Сондай-ақ, Ресейдің Горно Алтай қаласындағы балалардың көз емханасында білімін жетілдіріп келген. 2010 жылы Иркутск Федеров көз институтында көздің қысымы ауруына байланысты білімін арттырып келіп, қариялардың көзіне бұршақ салу отасын жасаған. Ол қазірге дейін жүздеген қартқа көз жанарын сыйлаған алтын қолды дәрігер.

ҚазҰУ-да парсыша-қазақша фразеологиялық сөздіктің тұсаукесері өтті - Parstoday

27 ақпан күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы осы университеттің 90 жылдығы аясында жарық көрген парсыша-қазақша фразеологиялық сөздіктің тұсаукесерін өткізді.

Бұл туралы осы аптада Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі де хабарлады.

Ирандық басылымның мәліметінше, тұңғыш рет жарық көріп отырған парсыша-қазақша фразеологиялық сөздікке парсы тілінде жиі қолданылатын мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, сыпайылық формуласына жататын сөз тіркестері мен ауызекі тілде жиі қолданылатын алғыс, қарғыс, қолпаштау, таңдану және т.б. қатысты тұрақты сөз тіркестері енген.

Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздік парсы және қазақ тілдерінде бірдей сөйлейтін оқырмандарға, сондай-ақ парсы тілін үйренушілерге және фразеологизмдерді зерттеуші мамандар мен осы тақырыпқа қызығатын барша оқырман қауымына арналады. Бұл сөздік парсы тілін үйренушілер мен ирантану саласы бойынша жұмыс істейтін мамандарға аса қажетті көмекші оқу құралы болып табылады. Сөздікті құрастырғандар – Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ирантану бөлімінің ұстаздары А.Ж. Боранбаева, Ғ.Т.Жұмадилова және Ғ.Ә.Қамбарбекова.

Өзбекстан-Қазақстан: Білім саласындағы ынтымақтастық нығаяды - «ӨзА»

Өзбекстан мен Қазақстан жоғары білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа қадамына дайындалып жатыр. ӨР Жоғары білім, ғылым және инновация министрі Шарипов Қунғиратбай пен Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұловтың кездесуінде осы жағдайлар талқыланды.

Бұл туралы өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады. Қазақстан елшілігінің мәліметінше, қазіргі таңда екі елдің жоғары оқу орындары арасында тікелей жасалған 471 келісімшарт бар.

Өзбекстан
Фото: uza.uz

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, 2023 жылдың желтоқсан айындағы мәлімет бойынша, Қазақстанның оқу орындарында Өзбекстанның 6 721 азаматы, Өзбекстанның жоғары білім беру жүйесінде Қазақстанның 416 азаматы білім алуда.

Сонымен қатар, мемлекет басшыларының тапсырмасы мен үкіметаралық келісім негізінде Ташкент облысының Шыршық қаласында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филиалын және Алматыда Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механизациялау инженерлері институтын ашу жоспарланған.

Кездесуде Өзбекстан мен Қазақстан басшылығының ел дамуында ғылым мен білімге басымдық беріп отырғаны сөз болды.

 Қазақстан студенттері «Түркия үні» радиосына сұхбат берді – CNR

Түркия Радио Телевизия порталында осы аптада «Түркия үні» радиосының эфирінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультеті журналистика мамандығының 4-курс студенттері Ербақыт Нығмет, Аяулым Әбдірахман және Назым Маликқызы қатарлы болашақ журналистерден алған сұхбаттары жарияланған. 

Радио эфиріндегі жүргізуші Торғын Сұлтанқызы студенттерге қойған әртүрлі сұрақтарына жауап алған.

Қытайлық қандасымыз Самғар Серікұлы шаңғы жарысынан бас жүлдені жеңіп алды - CNR

Қытайдың Ішкі моңғол автономия өлкесі Уланчаб қаласында өткен 14-ші кезекті мемлекеттік қысқы спорт түрлерінің далалық қар шаңғы жарысында Самғар Серікұлы атты қандасымыз жеңіс тұғырынан көрінді, деп хабарлайды Қытайдың Орталық халық радиосы. 

бас жүлде
Фото: mp.weixin.qq.com

Аталған БАҚ-тың хабарлауынша, спорттық бәйгеде жастар тобындағы ерлердің қысқа аралыққа сырғанау жарысында Шыңжаң командасының мүшесі Самғар Серікұлы бас жүлдені жеңіп алып, алтын медаль еншілеген.

Соңғы жаңалықтар