«Коза Ностра» атауымен белгілі итальяндық қылмыстық қоғамдастық мүшесі Қазақстанда жүр - ІІМ

АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Әйгілі итальяндық қылмыстық қоғамдастық «Коза Ностраның» мүшесі Евгений Гуреевич Қазақстанда жүр.

 «Коза Ностра» атауымен белгілі итальяндық қылмыстық қоғамдастық  мүшесі  Қазақстанда жүр - ІІМ

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның деректеріне қарағанда, 1977 жылы туылған АҚШ азаматын аса ірі көлемда ақша жылыстатқаны үшін Италия, АҚШ және Қырғызстанның Интерпол ұлттық орталық бюросының қызметкерлері іздестіруде. «Қолда бар мәліметтер бойынша сәуірдің 15-і күні ол Қазақстан аумағына кірген, нақтырақ айтқанда Алматыға келген. Сондай-ақ ол еліміздегі АҚШ елшілігінде болған. Е.Гуреевичте АҚШ пен Италия елдерінің азаматтығы жөніндегі арнайы құжаты бар. Сонымен қатар аталмыш азаматта Қырғызстан мен Ресей мемлекеттерінің азаматы екендігін куәландыратын құжаттар да болуы мүмкін. Сондықтан қалың көпшілік Е.Гуреевич туралы қандай да бір мәліметтерден хабардар болған жағдайда 71-43-49 телефоны бойынша Қазақстанның Интерпол ұлттық орталық бюросына хабарласуларын сұраймыз», деді департамент бастығы.