Қозғалтқышты ұзақ қыздырғаны үшін жазалау нормасын қайта қарау керек - депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Серік Ерубаев қатты аязды күндері автокөлікті жылытуға 5 минуттан көп уақыт кететінін айтты. Осы орайда ол көліктің қозғалтқышын ұзақ қыздырғаны үшін айыппұл салу нормасы қисынсыз екенін атап өтті.

- Қабылданғанына 20 жылдан асқан норма кейінгі кезде кеңінен резонанс алып отыр. Яғни автокөліктің қозғалтқышын 5 минуттан астам қыздырғандарға айыппұл салу белсендігін қалай түсіндіруге болады?! Әлде, бұл жағдай бюджетті толтыру тетіктерінің бірі ме? Негізсіз айыппұлдарды қолданудан, ең алдымен, кәсіпкерлер мен көлік жүргізушілері зардап шегетіні баршаға мәлім. Мысалы, тауарларды үй жанындағы дүкендерге тиеу және түсіру кезінде, бөлінген бес минуттан көп уақытты алады. Ал қозғалтқышты минус 20 градус немесе одан да көп температурада өшіру қисынсыз, - деді С. Ерубаев Ішкі істер министрінің атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, өңірлердегі қатты аяз болған кезде, машинаны жылытуға 5 минуттан көп уақыт кетеді.
- Жоғарыда айтылғандарға байланысты «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясы осы сауалда баяндалған мәселе бойынша тексеру жүргізуді ұсынып отыр. Сондай-ақ, аймақтардың температуралық режимі мен климатын ескере отырып, көлік қозғалтқышының 5 минуттан астам қыздыруға қатысты норманы қайта қарау керек деп санаймыз, - деді депутат.
Еске салсақ, жақында сенатор Марат Қожаев қыста автокөліктің қозғалтқышын ұзақ қыздырып тұрғандарға айыппұл салуға қатысты сұраққа жауап берді.
Айта кетейік, осы норма аясында айыппұл 5 АЕК сомасында қарастырылған. Ал осы талапты қайтадан бұзғандарға 10 АЕК айыппұл салынады.