Көзге көрінбей жүрген жұмысымыз еленетін болды - волонтер студент

Оқу орнына келгелі университеттің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып, ерікті ретінде өзін көрсете білген жас жігіт кейін қалалық деңгейдегі көптеген мерекелік шараларға атсалысқан. Одан өзге, Ерасыл жеке еріктілер тобын құрған. Тобымен бірге қаладағы балалар үйлеріне, аз қамтылған отбасыларға және жалғызбасты аналарға барып, көмек беріп тұрады.
«Астана қаласында тыл еңбеккерлері және соғыс ардагерлері тұрып жатыр. Ол жандарды көбіне тек мереке күндері еске алады. Ал біз, кемінде айына екі рет ол кісілерге барып, қал-жағдайын біліп тұруға тырысамыз. Менің ойымша, еріктілердің басты жұмыстарының бірі - осы. Бұдан басқа, республикалық деңгейдегі көптеген форумдарға қатыстым. Атап айтар болсақ, былтыр «Жас Отан» ЖҚ республикалық форумы, кешегі Елбасымыздың қатысуымен өткен Жастар жылының ашылуы және өзге де көптеген концерттік шаралар тәжірибемізді шыңдай түсті», - дейді студент.
Ерасыл Абыкеновтың айтуына қарағанда, еріктілер жұмысы көбіне көзге көрінбейді.
«Былайша айтқанда, барлық ұсақ-түйек жұмыстарды еріктілер атқарып жүр десем, қателеспеймін. Қонақтардың келуі, оларды белгілі бір жерге дейін адастырмай апару, ұйықтап қалмауын қадағалау, жалпы оларды бақылауда ұстау - осының барлығы өзіндік қиындықтары бар жұмыс. Көбіне еріктілер жұмысы еленбей жатады. Сондықтан Елбасымыздың осы орайдағы бастамасы орынды деп ойлаймын. Қанша төленетіні маңызды емес, бастысы - елеусіз қалған еңбек еленетін болды», - дейді ол.
Студент еріктілер жұмысы ешбір қаражатпен есептелмейтінін, ерікті болу арқылы жастар өзін өзі дамытатынын, ортамен сөйлесу, жаңа достар табу, өзін жұмысқа үйрету, өз еркімен жеке жұмыс атқара алу қырларын шыңдайтынын айтады.
«баршамызға белгілі, Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Бұл нені білдіреді? Бұл осы жылы жастардың саясатта, мемлекетіміздің дамуында және де қоғамдық өмірінде үлкен орынға ие болатынын білдіреді. Жастар жылы - көптеген жігерлі жастар үшін үлкен мүмкіндік. Жаңа тың идеяларды жүзеге асыруға арналған «трамплин» деп айтсақ болады. Елбасы өз сөзінде «жас еріктілерге көптеп қолдау жасау керек» деп атап өткен болатын. Жастар жылының қалай өтетіні тек өзімізге байланысты болмақ», - дейді Ерасыл Абыкенов.
Еске сала кетсек, Президенттің қатысуымен Қазақстанда Жастар жылы ресми түрде басталған болатын. Мемлекет басшысы Астанада ұйымдастырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты салтанатты шарада жас мамандар мен отбасыларды қолдауға қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеген еді.
Сонымен бірге, Президент Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке волонтерлікпен айналысатын ЖОО студенттерінің шәкіртақысын 30 пайызға арттыруды тапсырған болатын.