Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында құрылыс шектеледі – заң жобасы

Мавзолей Ходжи Ахмеда Ясави, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілісте «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы таныстырылды.

«Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылы Түркістан облысына сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмасына және 2023 жылғы 10 сәуірдегі қарарына сәйкес әзірленді. Осылайша, Мемлекет басшысы Түркістан қаласына рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беруді тапсырды. Бұл құжатты әзірлеуге Түркістан қаласын Түркі мемлекеттері ұйымымен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тануы негіз болды. Сонымен қатар қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау аса маңызды саналады. Түркістан қаласында халық саны тез өсіп келеді, яғни кейінгі 6 жылда халық саны 60 мыңға өсті», - деді Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.

Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеу барысында Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және басқа да мемлекеттердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу бойынша тәжірибелері зерттелді. Заң жобасы 4 тараудан және 15 баптан тұрады.

Құжаттың мақсаты мен міндеті:

- Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының қалыптасуы, дамуы және жұмыс істеуі үшін құқықтық шарттар құру, сондай-ақ жалпы мемлекеттік маңыздылығын тану;

- қаланың тарихи-мәдени маңызы бар, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісінің қорғау аумағында орналасқан ескерткіштер мен объектілерді басқару мен сақтаудың оңтайлы жүйесін құру.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және рухани объектілердің киелілігін сақтау заң жобасының негізгі қағидаттары саналады.

«Заң жобасының негізгі новеллаларына тоқталсақ, Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру ескерілген. Мұнымен қоса, ұлттық қолөнер саласындағы шеберлерінің шығындардың бір бөлігін бюджеттен өтеу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау тетіктері қарастырылған», - деді вице-министр.

Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан радиусы жүз метрлік қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді.

Оның сөзіне қарағанда, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға ЮНЕСКО-мен келісім бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында жаңа құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде қала құрылысы жобалары бойынша жаңа құзырет беру ұсынылды. Бұдан бөлек, заң жобасында мемлекеттік әлеуметтік нысандарды салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша Түркістан қаласы әкімдігіне құзырет беру қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар
telegram