Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда биыл көріктендіру қағидаларын бұзғандарға 110 млн айыппұл салынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қаланың көріктендіру қағидаларының сақталуын бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алматыда тұрғын үйлерді басқарушы компанияларға 10 млн айыппұл салынған
Фото: Pexels

Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері заңды тұлғаларға 8 972 көріктендіру төлқұжаты рәсімделген.

- Көріктендіру төлқұжаты – меншік иесі немесе пайдаланушының өзіне тиесілі нысанға іргелес аумақты күтіп ұстауға жауапты екенін растайтын құжат, - деп түсіндірді ведомство өкілдері.

2026 жылдың бірінші жарты жылдығында басқарма мамандары 5 мыңға жуық ауызша ескерту жасап, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша 9 679 әкімшілік материал рәсімдеген. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 111,9 млн теңге болды.

Ал көріктендіру төлқұжатын рәсімдеу науқаны қайта жанданғаннан кейін қосымша 672 паспорт берілді. Осы кезеңде 547 әкімшілік материал рәсімделіп, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 12,7 млн теңгеден асты.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар нысан иелерінің жауапкершілігін арттырып, қала аумағында тазалық пен тәртіпті сақтауға бағытталған.

Еске салайық, 2024 жылы Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен жаңа көріктендіру ережесі аясында қалалық нысандарды паспорттау басталды.

2025 жылдан бастап Алматыда кәсіпкерлер көріктендіру төлқұжатының ережелерін сақтауға міндеттелді.