«Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және Түркістан» атты халықаралық конференция өтіп жатыр
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістанда «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және Түркістан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтуде. Ауқымды басқосудың өтуіне Мəдениет жəне спорт министрлігі мен «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі, «ТҮРКСОЙ» Халықаралық Ұйымы және Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мұрындық болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Конференцияның мақсаты-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жəне "Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы" жылы аясында киелі жерлерді таныту болмақ. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мен насихаттау арқылы келешек ұрпақ кәдесіне жарату, түркі халықтарының рухани пірі Қожа Ахмет Ясауи мұраларының түркі халықтары тарихындағы орны мен рөлі және отандық музей саласындағы актуалды проблемаларды сараптауға, талдауға арналған. 
Халықаралық деңгейде өтіп жатқан басқосуға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы мен отандық ғалымдар, музей ісінің 30-дан аса мамандары қатысып отыр. Көпшілік алдында сөз сөйлеген шетелдік қонақтар мен жергілікті ғалымдар негізгі тақырып аясында өз пікірлерін білдіріп, өзара талқылап жатыр. 


