ҚОЖА ТОЛЫҒ КЕСЕНЕСІ
Қожа Толығ кесенесі - сәулет өнері ескерткіші. Жергілікті мұсылмандар шейхының қабірі басына тұрғызылған. Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданда орналасқан.
Мазардың ХVІІ-ХVІІІ ғасырда тұрғызылған алғашқы нұсқасы сақталмаған. Қазіргі кесене ХІХ ғасырдың екінші жартысында салынған.
Қожа Толығ кесенесі ежелгі Сайрамдағы тарихи сәулет өнерінің ең әсем үлгілерінің біріне саналады. Сыртқы ішкі өлшемдері 6,44 x 6,30 м, биіктігі 7,15 метр. Қабырғасын қалағанда ескі ғимараттардан алынған күйдірілген кірпіштерді пайдаланған. Бір бөлмелі құрылыстың төбесі күмбезбен жабылған. Күмбездің ортасынан кішкене мұнара шығарылған. Оған да тесіктері бар күмбез орнатылған. Кесененің алдыңғы бетіндегі П пішіндес порталды, бедерлі бағаналары ғимараттың сәнін келтіріп тұр.
Оңтүстік қабырғасында сырлы бояуларымен Шығыс дәстүріндегі шай жабдықтарын бейнеленген суреттердің нобайы сақталған. Бас күмбез төрт аркаға, сондай-ақ, төрт пилонға орнатылған. Терезелері осы заманғы үлгі бойынша ағаштан жасалған.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 6 том.