Қожағапанов ісі бойынша тағы бір апелляциялық шағым түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада үш жылға сотталған бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың ісі бойынша апелляциялық шағым қаралып жатыр.

судья приговор
Фото: Мұхтар Холдорбеков / Казинформ

Бүгін сотта Ерлан Қожағапановтың қорғаушысы Нұрлан Бейсекеев сөз алды. Отырыс басында аталған қылмыстық іс бойынша істі болған екінші тұлға SUCCESS K агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзоваға қатысты мәлімдеме жасады.

Айта кетейік, ол Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі («аса ірі көлемдегі алаяқтық») бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылған.

Оның қорғаушысы Мәкіш Есқараев тыңдалымның басында өтініш білдіріп, кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров қылмыстық істің материалдары мен үкімді зерттеп шыққанын және сотта Көккөзованың азаматтық жауапкер ретіндегі өкілі ретінде сотта сөз алғысы келетінін жеткізді.

Адвокаттың айтуынша, жазасын өтеп жатқан Л. Көккөзова апелляцияда мүддесін қорғауды Қанат Нұровқа сеніп тапсыруға ниетті. Оның өтініші екі тараптан да растау ұсынылғанға дейін ашық қалдырылды.

Еске салайық, былтыр 1 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт экс-вице-министрін ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады.

Антикордың ақпаратынша, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XV өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасасуды қолдаған.

Биыл мамырда бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановға қатысты сот үкімі шықты.

Ал тамызда Ерлан Қожағапановтың үкіміне шағым түсірілді.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум