«Қожалықтарды қаржыландыратын қауымдастықтың қолы ұзарады» - баспасөзге шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстанның зейнетақы заңнамасындағы соңғы өзгерістерге сәйкес, әскери қызметшілер міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылды. Бұдан бұрын 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әскери еңбек өтілі 10 жылдан кем Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне бюджеттік қаражат есебінен ақшалай ұсталымның 20 пайызы көлемінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналары тәртібі енгізілген болатын.
Осы түзетулер арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлеріне, сондай-ақ, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнайы атақ пен сыныптық шендерді тағуға, нысанды киім киюге құқықтарынан айырылған тұлғаларға қатысты болды.
Бұл ретте мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыса отырып, ай сайынғы кірістен 10 пайыз көлемінде міндетті зейнетақы жарналарын жүзеге асыруды жалғастыра беретінін айта кеткен жөн.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың 1 қаңтарынан кейін жұмыстан босатылған және еңбек сіңірген немесе жалпы еңбек өтілі 25 жыл, оның ішінде 12,5 жылы үздіксіз әскери қызмет болса толық көлемде зейнетақымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, міндетті зейнетақы жарналарының 50 пайызын қайтарған кезде толық көлемге жеткізе отырып, 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін толық емес көлемде тағайындалған зейнетақы төлемдерін қайта есептеу жүзеге асырылады.
Мемлекет аударған жинақталымның жартысын қолданыстағы әскери қызметшілерге, толық емес көлемде зейнетақы төлемдерін алушыларға және 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейін қызметке алғаш рет орналасқан және 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетақы алу құқығына ие әскери қызметшілерге қайтару қажет. Зейнетақысы толық көлемде тағайындалған қолданыстағы әскери қызметшілерге мұның еш қатысы жоқ. Олар белгіленген зейнетақы төлемдерін алуды әрі қарай жалғастыра береді. Осы жайында басылымдағы «Зейнетақы жарналарын төлеуден босатылды» деген материалда жарияланды.
Бас басылымда«Қожалықтарды қаржыландыратын қауымдастықтың қолы ұзарады»деген мақала көпшілік назарына ұсынылған. Астанада «Агроөнеркәсіп кешеніндегі несиелік серіктестіктер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің құрылтайшылары мен «ҚазАгро» холдингі және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілдерінің қатысуымен жалпы жиналыс болды.
Онда 15 жылдан бері еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуда тынымсыз тер төгіп келе жатқан несие серіктестіктері қызмет ауқымын кеңейтіп, өз қатысушыларын несиелеуге жасаған жаңа жүйенің әлі де ширатылатын және жетілдіріле түсетін тұстарын жан-жақты талқылады. Шараның дөңгелек үстел форматында өткен бөлімінде жаңа жүйені таныстырған қауымдастық төрайымы Альмира Сағатоваға үш тараптың жетекші мамандары түрлі сұрақтар қойып, ол шаруа қожалықтарын қаржыландырудың жаңа жүйесіндегі пайдалы тұстарды мақұлдап отырды. Әр істе шашыраңқы әрекет етіп жүрген қожалықтардың басын біріктіріп, қаржыландыру мен ауыл шаруашылығына қажетті заттармен дер шағында қамтамасыз ету істерін үйлестіретін жаңа жүйе тараптардың ойын дөп басқан сияқты.
Себебі, жаңа жүйе әрісі Германия мен Польшаның, берісі Ресей мен қырғыз елінің саладағы қаржыландыру тәжірибелерін зерделей отырып, өз елімізге пайдалы тұстарын іріктеп алып жасалғаны көрініп тұр.
«Бұл жерде Германияның тәжірибесіне көбірек назар аударып, тиімді жерлерін үлгі еткеніміз жөн деп білемін. Өйткені, құрылғанына жүз жылдан асқан корпорация қазіргі таңда тек ауыл шаруашылығын ғана несиелеумен шектеліп қалмай, елдегі экономиканың өзге де салаларын қамтып жатыр. Біз де алдымызға осындай үлкен мақсат қойып, әрекет етсек жөн болар еді. Ондай биік мақсатқа құлаш ұруға мемлекет жол ашып, барлық дерлік жағдайды жасап отыр. Ендігі қалған іс - жүйені барынша жетілдіріп, ауыл шаруашылығындағы жұртты бір мақсатқа жұмылдыра білу және жаңа жүйеміздің жемісін қысқа уақытта елге ұсына алу», деді төрайым.
***
«2015 жылдың қорытындысы бойынша, «Болашақ» түлектерінің 99,4 пайызы жұмысқа орналасқан». Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті, деп жазады «Айқын» газеті.Оның мәліметі бойынша, 1994 жылдан бері «Болашақ» стипендиясын 11 727 адам алды. Олардың ішінде 1667 адам өнеркәсіп саласынан, 1694 адам білім және ғылым саласынан, 1394-і ақпараттық технологиялар, 619-ы медицина саласынан орын тапса, 400-ден астамы мемлекеттік қызметке және басқа да қызметтерге орналасты.
- Енді біз стипендианттардың сапалық құрамы мен жетістіктерін айтатын болсақ, «Болашақ» түлектерінің 503-і мемлекеттік құрылымдарда, ұлттық компанияларда, денсаулық сақтау ұйымдарында жоғары басқарушылық буындарда қызмет етуде. Олардың қатарында 4 вице-министр, 5 облыс және қала әкімдері, 3 облыс немесе қала әкімдерінің орынбасарлары, сонымен бірге 81-і мемлекеттік ұйым және мекеменің басшысы, ұлттық компаниялар мен банктердің бөлімшелерінің 106 бірінші басшысы мен басқарма мүшелері және 246 жеке ұйым басшылары бар. Осы түлектердің 20 пайыздан астамы бүгінгі таңда өңірлерде жұмыс істеп келе жатыр, - дейді Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев. Бұл туралы «Болашақ» түлектеріне сұраныс жоғары» атты мақаладан оқи аласыздар.
Осы басылымда «Жас металлург сайлауға өз кандидатурасын ұсынды» деген материал берілген.Теміртау қалалық Мәслихат депутаттығына үміткерлерден құжаттар қабылданып жатыр, әзірге 70 адам өтініш білдірді. Олардың кейбірі саяси додаға партия атынан түссе, енді бірі - өзін-өзі ұсынғандар. Әлібек Алпысбаев Теміртаудағы металлургиялық комбинаттың домна пешінде көрікші болып еңбек етеді. Қаладағы қоғамдық жұмыстарға үнемі қатысып жүретін белсенді жас биылғы сайлауда бағын сынамаққа бел буды.
2013 жылы «Жыл металлургі» атағын иемденген Әлібек Елбасыны үлгі тұтады. Металлург еңбек жолын Ұлт Көшбасшысы секілді Теміртаудағы металлургиялық комбинатта бастаған.
Әлібек өндірістегі жұмыстан бөлек қоғамдық істерге де белсене араласады. Ең алғаш 2008 жылы Жастар форумына қатысса, 2012 жылы облыс әкімінің жастар сыйлығын жеңіп алды. Бұған қоса, «Нұр Отан» партиясының «Партияның 50 тұлғасы» жобасына қатысуының өзі үлкен жетістік. Жұмыстан қол үзбей жүріп, екі бірдей жоғары білім алды. Инженерлікпен қоса заңгерлік те білімі бар.
Бүгін Теміртау қалалық Мәслихат депутаттығына №9 сайлау округі атынан үміткер Әлібек сайлау комиссиясына тиісті құжаттарын тапсырды. «Егер халық сенім білдіріп, қолдап жатса, барымды салып еңбек етуге әзірмін» дейді жас металлург. Әлібек құрышты қаладағы 107 мыңға жуық сайлаушының сенімін ақтауға даяр.
***
«Ана тілі» газетінің жазуынша, Қазақстан Республикасы Конституциясындағы сөз бостандығы және ақпарат таратуда заң шеңберінде жұмыс істеу ережелерін басшылыққа ала отырып, Қазақстан журналистері мен БАҚ саласындағы үкіметтік емес ұйым өкілдері сайлауға қатысты хартия жариялады.
1. Бұл Хартия Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының «Сайлаулар туралы» және «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдарына сәйкес жасалған.
2. Бұл Хартияның негізгі мақсаты - қазақстандықтарды сайлау науқаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың қызметтері туралы бұқаралық ақпарат құралдарында шынайы әділ, толық және сенімді ақпараттармен қамтамасыз ету болып табылады.
3. БАҚ-тар Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттығына тіркелген барлық кандидаттардың, олардың саяси көзқарастарына қарамастан, өздеріне теңдей мүмкіндікке ие болуына ықпал ете алады және солай етуге тиісті. Бұл туралы «Журналистер сайлауға қатысты этика хартиясын жариялады» атта материалдан оқи аласыздар.