KPI зауыты жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық өнеркәсіпті дамытуда
АСТАНА. KAZINFORM - Отандық газохимия саласының көшбасшысы «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) кәсіпорны полипропилен өндірісін ұлғайтып, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуда. Бүгінгі таңда зауытта 630 адам еңбек етуде, олардың 80%-дан астамы – жергілікті тұрғындар.

«Біз тек өндірісті дамытып қана қоймай, жергілікті мамандарды даярлауға да баса назар аударамыз. Қазақстандық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз», – дейді кәсіпорын өкілдері.
Компания қызметінің тиімділігін сандар да растап отыр. Соңғы екі жылда Қазақстанға полипропилен импорты 63%-дан 17%-ға дейін төмендеген. 2025 жылдың басында кәсіпорын тағы бір маңызды қадам жасап, полипропиленнің екі жаңа маркасын шығара бастады.

Отандық өңдеушілерге қолдау көрсету мақсатында KPI Алматы мен Астанада ірі қоймалар ашты. Қазіргі таңда «Форсажи» бағдарламасы аясында елдегі 80 полимер өңдеушінің 70-і компаниямен серіктестік орнатқан.
2022 жылы іске қосылған KPI газохимия кешені – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен ресейлік СИБУР компаниясының бірлескен жобасы. Салынған инвестициялар мен озық технологиялар кәсіпорынға өндірісті тұрақты дамытуға мүмкіндік беріп, ел экономикасын нығайтуға өз септігін тигізуде.
