ҚПЛ: «Алтай» мен «Елімай» тең тарқасты

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХІV турында «Алтай» (Өскемен) — «Елімай» (Семей) кездесуінің нәтижесі белгілі болды.

ҚПЛ: «Алтай» мен «Елімай» тең нәтижеге қанағат білдірді
Фото: KazFootball.kz

Еліміздің шығыс өңірінде орналасқан қос клубтың кездесуінде кім жеңіске жетеді деген сауалға әзірше жауап беру қиынға соғады. Өйткені өскемендік команда Премьер-лигадағы орнын сақтап қалуға тырысса, семейлік ұжым төртінші орынға үміттеніп отыр. «Алтай» өз алаңында ешкімге оңай ұпай бере салмайды. Ал «Елімай» кейінгі бес кездесудің төртеуінде қарсыластарын қапы қалдырып кетті. Сол себепті мамандар бұл кездесуде жеңімпаз кімнің болатынын дөп басып айта алмай отыр.

Кездесу барысында өскемендік клубтан Драган Стойславевич 39, Дарко Донев 47-минутта көзге түссе, оған семейлік командадан Марин Беланчич 45, Рамазан Оразов 57-минутта екі голмен жауап қайырды.

Осылайша, командалар 2:2 есебіне қанағат білдіріп тарасты.

Айта кетейік, алғашқы ойын күні, 24 қазанда петропавлдық «Қызылжар» Жезқазғанның «Ұлытауын» 1:0, Көкшетаудың «Оқжетпесі» Ақтаудың «Каспийін» 3:0 есебімен қапы қалдырса, «Жетісу» (Талдықорған) — «Тобыл» (Қостанай), «Ордабасы» (Шымкент) — «Жеңіс» (Астана) 1:1 есебіне қанағат білдірді.