ҚПЛ: «Каспий» турнир кестесінде 10-орынға көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХІV турында ақтаулық «Каспий» өз алаңында Қостанайдың «Тобылынан» басым түсті.

ҚПЛ: «Каспий» турнир кестесінде 10-орынға көтерілді
Фото: «Каспий» футбол клубы

Ақтаулық команда жақында жаңа бас бапкерді қызметке тағайындады. Қазақстандық Ерлан Шойтымовтың орнына тағы бір отандасымыз Руслан Эсатов келді. Соған қарамастан олар жеңісті жолын жалғастырды. 

Кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды 70-минутта «Каспий» сапынан Ноа Ндомбали өзінің еншісіне жазды. Нәтижесінде олар біріншіліктегі жетінші жеңісіне жетіп, турнир кестесінде 26 ұпаймен оныншы орынға көтерілді.

Айта кетсек, бүгін Павлодардың «Ертісі» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдаса, одан кейін «Атырау» — «Астана» жасыл алаңға шығады.

Бұл турды 31 тамызда «Елімай» (Семей) — «Қайрат» (Алматы) командалары түйіндейді.

Айта кетейік, 29 тамызда бұл турдың төрт ойыны өтті. «Ұлытау» (Жезқазған) өз алаңында «Жетісу» (Талдықорған) командасын 3:0 есебімен жеңсе, елордалық «Жеңіс» (Астана) командасы «Алтайдан» (Өскемен) минималды есеппен (1:0) басым түсті. Ал қызылордалық «Қайсар» командасы «Оқжетпеске» (Көкшетау) 2:3 есебімен есе жіберді. Чемпиондыққа негізгі үміткерлердің бірі шымкенттік «Ордабасы» Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда, жергілікті жанкүйерлерінің алдында «Қызылжар» қақпасына жауапсыз 3 гол соқты. 

Еске салсақ, Дастан Сәтпаев «Бернли» сапындағы алғашқы толық матчын өткізді.