ҚПЛ: «Оқжетпес» «Қызылжарды» жеңіп, төртінші орынға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының кейінге қалдырылған ХХІІІ турында «Оқжетпес» (Көкшетау) — «Қызылжар» (Петропавл) кездесуінің нәтижесі белгілі болды.
Биыл көкшетаулық команда үздік төрттікке ілігуді көздейді. Сондықтан олар әрбір ойында үш ұпай олжалауға күш салып келеді. Есесіне петропавлдық клуб Премьер-лигадағы орнын сақтап қалуға тырысып отыр.
Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Соған қарамастан, бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңде көкшетаулық клуб басымдықты арттыра түсті. Осындай сәттердің бірінде олардың қатарынан Владислав Васильев 60-минутта өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.
Осылайша, «Оқжетпес» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 48 ұпаймен төртінші орынға табан тіреп тұр.
Дәл қазір «Жетісу» (Талдықорған) — «Қайсар» (Қызылорда), «Тобыл» (Қостанай) — «Жеңіс» (Астана) кездесуі өтіп жатыр.
Ал 19:00–де «Ақтөбе» — «Ордабасы» (Шымкент) жасыл алаңға шығады. Сондай-ақ 18 қазанда 15:00–де «Алтай» (Өскемен) — «Атырау», 16:00–де «Елімай» (Семей) — «Ұлытау» (Жезқазған), 18:00-де «Қайрат» (Алматы) — «Ертіс» (Павлодар), 19:00–де «Астана» — «Каспий» (Ақтау) шеберлік байқасады.