ҚПЛ: «Тобыл» сырт алаңда «Жеңістен» жеңілді
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы VIІІ турының екінші ойын күнінде тағы екі кездесу аяқталды.
Бұл күні жанкүйерлер тарапынан «Жеңіс» (Астана) пен «Тобыл» (Қостанай) кездесуіне ерекше қызығушылық болды. Екі команда биыл біріншілікті сәтсіз бастады. Елордалық клуб турнир кестесінде орта тұсында келе жатса, қостанайлық ұжым соңғы орындарды місе тұтып келеді.
Ойын барысында командалар жеңіске жетуге бар күшін салды. Кездесу тағдырын «Жеңіс» сапынан Алдаир Әділов 86-минутта соққан жалғыз гол шешті. Осылайша «Тобыл» қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберіп, біріншілікте бесінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.
Ал «Атырау» -«Алтай» (Өскемен) кездесуінде дежалғыз гол соғылды. Бұл голды 31-минутта атыраулық клубтан Энрике өзінің еншісіне жазды. Қарсыласынан 1:0 есебімен басым түскен олар турнир кестесінде 10 ұпаймен оныншы орынға табан тіреді.
Сондай-ақ бұған дейін бүгін жезқазғандық «Ұлытау» (Жезқазған) Семейдің «Елімайын» 1:0 есебімен жеңді.
Дәл қазір бірінші кезеңнен кейін «Каспий» (Ақтау) — «Астана» 0:0 есебімен тең түсіп жатса, 20:00–де «Ордабасы» (Шымкент) — «Ақтөбе» кездесуі басталды.
Айта кетсек, 2 мамырда өткен ойындарда өз алаңында Павлодардың «Ертісі» алматылық «Қайратқа», петропавлдық «Қызылжар» Көкшетаудың «Оқжетпесіне» 0:1 есебімен жеңілсе, «Қайсар» (Қызылорда) — «Жетісу» (Талдықорған) 1:1 есебіне қанағат білдірді.