ҚР Әділет министрі көрші елмен арада азаматтардың құқығын қорғау туралы заңға түсінік берді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Парламентіндегі Jibek Joly телеарнасының мобильді студиясында ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев палата отырысында қабылданған заң талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Әділет министрі көрші елмен арада азаматтардың құқығын қорғау туралы заңға түсінік берді
Видеодан алынған кадр

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «1996 жылғы 26 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

Хаттаманы ратификациялау Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарының құқықтарын қорғауға бағытталған азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады.

«Бұл құжат екі ел арасында азаматтық әрі қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетуге арналған. Шарт 1996 жылы бекітілген еді. Содан бері біраз уақыт өтіп, заңнама да өзгерді. Сондықтан екі елдің де мемлекеттік органдарында құзыреттері өзгеріп, басқа ведомстволардың қарауына ауысты. Мәселен, бұрындары бізде мемлекеттік тергеу комитеті болған. Аталған шартта бұл ведомство қамтылған болатын. Қазіргі заңнама талаптарына сәйкес келтіру үшін осы шартқа өзгерістер енгізу қажет», - деді А. Есқараев.

Осы орайда ол құжатта мемлекеттік тергеу комитетіне жасалған сілтемелер жойылғанын айтты.

«Ішкі істер органдарының құзыреті өзгеруіне қатысты тиісті өкілеттік Бас прокуратураның қарауына берілді. Қазір шетелмен азаматтық әрі қылмыстық істер бойынша қарым-қатынаста негізгі орган ретінде Бас прокуратура мен Жоғарғы сот қамтылған. Бұл тұрғыда осы жаңа тәртіп аталған хаттамаға енгізілді», - деді министр.

Айта кетейік, Jibek Joly телеарнасының мобильді студиясы апта сайын ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысын тікелей эфирде көрсетуге мүмкіндік береді. Интерактивті ресурс қазақстандықтардың әлеуметтік өміріне әсер ететін мәселелер мен қоғам талаптарын талқылау бойынша, заң шығару процесіне қатысты мәлімет таратады. Тікелей эфир күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қамтып, Jibek Joly журналистеріне депутаттық корпустың жұмысына қатысты сенімді ақпаратты телекөрерменге live форматында жедел жеткізуге жол ашады.