ҚР Әділет министрінің төрағалығымен ҚАЖК бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысына арналған алқа мәжілісі болып өтті
АСТАНА. Шілденің 19-ы. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Бүгін ҚР әділет министрі Рашид Түсіпбековтің төрағалығымен Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 2010 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысына арналған кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті, деп хабарлады ҚАЖК баспасөз қызметі.
Өзінің есепті баяндамасында ҚАЖК төрағасы міндетін уақытша атқарушы Марат Шабақбаев қылмыстық-атқару жүйесінің қызметі туралы баяндап, үстіміздегі жылы аймақтағы жіберілген келеңсіздіктер мен кемшін тұстарға да тоқтала кетті. Әділет министрі төтенше жағдайларға жол беріп, жұмыстың өте нашар деңгейін көрсеткен ҚАЖ облыстық департаментінің басшыларына қатал талап қойды.
ҚАЖК алқасының қорытындысын шығару кезінде Р.Түсіпбеков жедел қызметті жетілдіруді талап етіп, «Еңбек» РМК жұмысының тиімділігін арттырудың қажеттігіне баса назар аударды. Тым болмаса, бұл бағытта халықаралық тәжірибені де қолдана білу керектігін де баса айтты.
Әділет министрі атап өткендей, қылмыстық-атқару жүйесінің техникалық қамтамасыз етілуін жақсартуды, сонымен қатар ведомстволық оқу орындарына мамандар даярлаудың сапасын арртыруды қатаң тапсырды. Р.Түсіпбеков нақтылап өткендей, облыстық департаменттің басшыларынан мемлекеттік бюджеттік қаржыны мақсатсыз пайдаланғаны үшін қатаң сұралады.