ҚР Әділет министрлігі шетелге шығуға уақытша шектеу қойылған қазақстандықтардың есімдерін атады

АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Әділет министрлігі шетелге шығуға уақытша шектеу қойылған қазақстандықтардың есімдерін атады.

ҚР Әділет министрлігі шетелге шығуға уақытша шектеу қойылған қазақстандықтардың есімдерін атады

Аталған ведомство баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, «Орындаушылық өндірісі және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» жаңа заңның қолданысқа енгізілуіне байланысты сот  орындаушылары қарыз өтеуге ықыласы жоқ борышкерлерді Қазақстан Республикасынан тысқары шығуға уақытша шектеу қою шарасы арқылы мәжбүрлеуге құқылы.

«Бұл мәжбүрлеп орындату шарасы барынша тиімді және өзін өзі ақтайды. Қазіргі уақытта ұзақ уақыт бойы борышкерлердің сот актісінің орындамай жүріп, тысқары шығуға шектеу қойылғаннан кейін бір күннің ішінде толық көлемде қарызын жабу фактілері бар. Мәселен, Алматы облысында борышкер шетелге шығу үшін «Альянс банк» алдындағы 1 миллион теңгеден астам қарызын төлеуге мәжбүр болды», - деді ҚР ӘМ Сот актілерін орындау комитеті төрағасының орынбасары Санжар Тоғаев.

ҚР аумағынан шығуға уақытша шектеу қойылған борышкерлердің тізімі ҚР Әділет министрлігінің ресми сайтында ағымдағы жылдың шілде айынан бері орналастырылған әрі күнсайын жаңартылып отырады.

Қазіргі уақытта 70 911 267 952  теңге қарызы бар 17942 адамға ел аумағынан тысқары шығуға шектеу қойылған.  2 189 276 994 теңге қарызын қайтарған 1745 борышкерден шектеу алынып тасталды.