ҚР АКМ: Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы жағдай тұрақты

«Тексеру жұмыстары нәтижесінде, кедендік аумақтағы қоршауды бұзып өту оқиғасы түсірілген желіге тарап кеткен видеоның бірнеше жыл бұрынғы екендігі және қазіргі операцияға еш қатысы жоқтығы анықталды», - делінген ҚР АКМ жіберген хабарламада.
Министрліктің хабарлауынша, бақылау жұмыстары «көлеңкелі» импорт көлемін қысқарту туралы ЕАЭО заңнамасын орындау аясында жүргізіліп жатыр.
Соңғы тәуліктерде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде тексеруден өткен 131 көлік құралы арасынан өрескел заң бұзған 13 автомашина анықталды. Атап айтқанда, екі көлік салмақ габаритінің параметрлерін асырған, үш көлікте қазақстандық рұқсатнама болмаған және 8 көліктен өзге де заң бұзушылықтар табылған. Жоғарыда аталған заң бұзушылықтар үшін жалпы сомасы 285 мың теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ, 1 жолаушылар автобусы тұрақты жолаушылар тасымалына рұқсаттың болмауынан айып тұрағына орналастырылды.
Қазақстан арқылы ҚХР-дан Қырғыз Республикасына халық көп тұтынатын тауарлар көптеп жеткізіледі. Қазіргі уақытта оларға да кедендік тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге 26 көлік құралы тексеріліп, 9-ынан елеулі заңбұзушылықтар табылды. Атап айтқанда, 60 тоннадан астам халық тұтынатын тауарлар мағлұмдаудан өтпеген.
Қорытынды бойынша, 1 қылмыстық, 5 әкімшілік іс қозғалды. Қалғандары бойынша кедендік құн анықталып жатыр.
«Сондай-ақ, 10 қазаннан бері қазақстандық-қырғызстандық шекарада ветеринарлық бақылау күшейді. Қазіргі уақытта 6 шекаралық ветеринарлық бекетте 32 инспектор жұмыс істеп жатыр», - деп атап өтілген мекеме хабарламасында.
Қазіргі уақытта 5 қырғызстандық сүт өңдеу кәсіпорнын тексеруде және жеткізілген өнімге бақылау жасауда құқықбұзушылықтар анықталып, оларға өз өнімдерін Қазақстанға жеткізуге тыйым салынды.
Жекелеген азық-түлік өнімдеріне қатысты тағы 2 қырғыз кәсіпорнына күшейтілген зертханалық бақылау енгізілді.
13 қазан күні «Қарасу» бекетінде азық-түлік өнімдері тиелген және ветеринарлық сертификаты дұрыс толтырылмаған бір машина тоқтатылды. Жүк кері қайтарылып, 226 900 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен бірге, салмағы 2,5 тонна болатын ауылшаруашылық өнімдері жүгінің таңбаланбаған партиясы ұсталды. Өнімді таңбаламау ұлттық және ЕАЭО заңнамаларының фитосанитарлық талаптарын өрескел бұзу болып саналады.
Қырғыз тауарларына қатысты ветеринарлық бақылауды күшейткен сәттен бастап, оларды әкелу және транзит көрсеткішінің күрт төмендегені байқалады. Одан бөлек, фитосанитарлық бақылаудың күшеюімен бақылау және белгілеу пункттерінде 692,6 тонна карантинге жатқызылған өнімі бар 105 жүк автомашинасы тексерілді. Оның 81-і (521,6 тонна өнім) шекарада, 24 автомашина (172 тонна өнім) - белгілеу пунктінде тексеруден өткен, 11 заң бұзушылық анықталған.
Заң бұзушыларға қатысты бірқатар шаралар қолданылды: 10 факт бойынша -жүк Қырғызстанға кері қайтарылды және ондағы 2 факт бойынша айыппұл салынды. Жалпы салмағы 44 тонна жүк қайтарылып, 68 мың теңге айыппұл салынған.