ҚР Ақпарат министрлігі Pokemon Go ойынына тыйым салуға қатысты түсініктеме берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Pokemon Go ойынына Қазақстанда тыйым салыну ықтималдығына қатысты түсініктеме берді.
Аталған ойынға кейбір елдерде қауіпсіздік мәселесіне байланысты шектеу енгізілгендіктен, «ҚазАқпарат» агенттігі ведомствоға тиісті сұрау жолдаған болатын.
«ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитеті Қазақстан Республикасы аумағында Pokemon Go ойыны пайдалануына шектеуді қарастырмайды», - деп атап өтілген ресми жауапта.
Осы ретте аталған ойынға Комитет бейтарап қарайтындығы, Қазақстан Республикасы заңдарын бұзған жағдайда, оларды жою үшін Комитетпен шара қолданылатыны атап өтілген.
«Қазіргі таңда, комитет ойындарға шектеу қойған жоқ. Pokemon Go, басқа да қосымшалар сияқты белгілі шамада қауіпсіздікке қатер төндіреді», - дейді министрлік өкілдері.
Айта кетейік, аталған ойынға Иранда, сондай-ақ мұсылмандар үшін Малайзияда тыйым салынған болатын. Ресейде діни ғұрыптар нысандарында, бейіттерде, ескерткіш орындарында ойындағы покемондарды (құбыжық) аулауға шектеу енгізу туралы ұсыныс жасалуда. Pokemon Gо ойынының негізгі мақсаты - адамдар көше кезіп, виртуалды түрде мульт құбыжықтарды аулайды. Қазақстанда аталған ойын ресми түрде шықпаса да, ойынға қызығушылық танытқандар желіде тіркелудің тәсілін тауып, ойыншылардың саны күн сайын артып келеді.
Аталмыш ойында өмірдегі нақты жағдай мен виртуалды көрініс біріктіріліп отыр. Адамдар құбыжықтарды смартфонның бейне камерасы арқылы қарап, кейіннен аулауға кіріседі. Осы ретте бағдарлама покемондардың бейнесін қоршаған ортадағы ландшафта орналастырады. Бұдан кейін ойыншы экран сенсорындағы қосымшалармен құбыжықтарды ұстап алуы керек.
Жаһандық желіні пайдаланушылар тарапынан бұл ойын ұлттық қауіпсіздікке қатер тудыратынын, яғни ойыншылар жергілікті жерлердің суретін түсіріп, адамдардың жүрген жері мен әрбір нысан туралы нақты ақпарат беруге жол ашып отырғандығын атап өтуде.