ҚР АШМ: 2012 жылы 37 аудандық ветеринарлық зертхана құрылысы аяқталады
АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2012 жылы республика бойынша 37 аудандық ветеринарлық зертхананың құрылысы аяқталады.
Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Нығмет Жақыпбаев осылай мәлім етті.
«Жалпы алғанда 2011 жылы республика бойынша ірі қара малды идентификациялау жұмыстары аяқталды. Бүгінгі күні республикамызда 1 мың 558 мал сою нысаны бар. Оның ішінде 38 ет өңдеу кәсіпорны, 207 мал сою пункті және 1313 мал сою алаңы жұмыс істеп тұр», - дейді Н.Жақыпбаев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда халықаралық ұйымдар ынтымақтастығымен ветеринария жүйесін жетілдіру, соған қоса ветеринарлық зертханалардың құрылысы мен олардың материалдық-техникалық жағдайын жағырту жұмыстары тұрақты негізде жалғасатын болады.
«Соңғы жылдары 11 облыстық, 15 аудандық ветеринарлық зертханалар салынды. 2012 жылы 37 аудандық ветеринарлық зертхананың құрылысын аяқтау, сонымен қоса 63 аудандық зертхананың құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жалпы республика бойынша Елбасы тапсырмасына сәйкес, заманауи құрылғылармен жабдықталған 126 ветеринарлық зертхана салынбақ. Бұлар өнімдердің қауіпсіздік сапасына жауап беретін болады», - дейді комитет төрағасы.